Өндіріс орындары экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуде
Қалалардың қарқынды дамуы мен өндіріс орындарының көбеюі экологиялық ахуалға тікелей әсер етеді. Әсіресе, зауыттар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығатын түтін мен газ қаланың ауа сапасын нашарлатып, тұрғындардың денсаулығына, қоршаған ортаға және климаттық жағдайларға кері ықпал етеді. Сондықтан өндірістегі зиянды шығарындыларды бақылау мен азайту мәселесі соңғы жылдары ерекше назарда.

Зауыттар мен фабрикалардан бөлінетін түтін мен газдар құрамында күкірт диоксиді, азот оксидтері, ұшпа органикалық қосылыстар, қатты бөлшектер (шаң), көмірқышқыл газы және басқа да химиялық заттар болады. Олар табиғи ортаға бірнеше бағытта зиян келтіреді. Біріншіден, ауа сапасының төмендеуі – түтін құрамындағы ұсақ бөлшектер өкпе мен тыныс алу жолдарына терең еніп, аллергия, бронхит, астма және жүрек-қан тамыр ауруларына әкеледі. Тұмша (смог) түзілуі – өндірістік шығарындылар интенсивті болғанда, қала үстін қою тұман басып, көріну деңгейі нашарлайды. Жер мен судың ластануы – атмосферадағы ауыр металдар мен химиялық бөлшектер жауынмен бірге топыраққа түсіп, өсімдіктер мен су көздерін уландырады. Климаттық өзгерістерге ықпал – көмірқышқыл газы мен парниктік газдар жаһандық жылынуға әсер етеді. Бұл факторлар халықтың денсаулығына, қала флорасы мен фаунасына, сондай-ақ жалпы экожүйеге ұзақ мерзімді қауіп төндіреді.
Экологиялық талаптардың күшеюі мен заманауи технологиялардың дамуы өндіріс орындарын зиянды шығарындыларды бақылаудың жаңа жүйелерін енгізуге мәжбүр етті. Соның бірі – құбырлардан шығатын түтін мен газ мөлшерін автоматты бақылау жүйесі (АБЖ).
Бұл жүйе кәсіпорындар үшін міндетті экологиялық стандартқа айналып келеді. Оның негізгі мүмкіндіктері:
• Шығарындылардың нақты көлемін онлайн өлшеу
Датчиктер түтін мұржаларына орнатылады және ауаға таралатын газдардың мөлшері мен құрамын үздіксіз тіркейді.
• Химиялық құрамды автоматты талдау
Жүйе азот оксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, шаң бөлшектері және басқа зиянды заттардың концентрациясын нақты анықтайды.
• Деректерді орталықтандырылған базаға жіберу
Ақпарат экология департаментіне немесе бірыңғай мониторинг жүйесіне автоматты түрде түсіп отырады. Бұл бақылаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
• Нормадан асқан жағдайда жедел хабарлама
Егер зауыт рұқсат етілген лимиттен асып кетсе, жүйе автоматты түрде ескерту береді, ал кәсіпорын дереу шара қабылдауға міндетті.
• Экологиялық мәдениетті арттыруға ықпал
Мұндай жүйелер орнатылғаннан кейін кәсіпорындар шығарындыларды азайтуға, тазарту қондырғыларын жаңартуға мүдделі болады.
Осы орайда жақында Шымкент қалалық экология департаменті автоматты бақылау жүйесінің жұмысын тексеру мақсатында цемент зауытына барды. Бұл жүйе кәсіпорын құбырларынан шығатын түтін мен газ мөлшерін тәулік бойы өлшеп, деректерді Экология министрлігінің базасына жіберіп отырады. Мамандар кәсіпорынның техникалық жағдайын бақылап, өндіріс қуатымен танысты.
Өндіріс орындарына орнатылған автоматты жүйе күкірт диоксиді, көміртек оксиді мен ауадағы шаң мөлшерін өлшейді. Сонымен қатар газдың температурасы, қысымы мен көлемі де бақылауда болады. Барлық мәліметтер арнайы жүйеге автоматты түрде тіркеліп, белгіленген нормадан ауытқу анықталған жағдайда бірден дабыл беріледі.
«Жылына шығарындылары 500 тоннадан асатын мекемелерге датчик орнату міндеттелген. Бұл мекемеден бөлек Шымкентте тағы төрт мекеме бар. «Шымкентцемент», «Стандартцемент», «З-Энергоорталық», «ПетроКазахстан Ойл Продакст» кәсіпорындары. Тіркелген деректер базаға бірден түсіп отырады»,- дейді Шымкент қалалық экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтілеуов.
Қаладағы ең ірі цемент өндірушілердің бірі саналатын бұл кәсіпорын жыл сайын айтарлықтай көлемде өнім шығарады. Өндіріс көлемінің жоғары болуы атмосферлық ауаға түсетін жүктеменің де артуына себеп болғандықтан, мұнда орнатылған автоматты бақылау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі маңызды.
«Автоматтандырылған жүйе 2022 жылы орнатылды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ақпарат беріле бастады.Қалдық әлі қысқарған жоқ.Себебі, біз барлық талаптарға сай жұмыс істейміз.Жыл сайын басқармадан рұқсат аламыз.Қалдықты азайтуға барынша күш салып жатырмыз»,- дейді «Нeidelberg materials Кazakhstan» компаниясының бөлім басшысы Руслан Исабаев.
Мамандардың айтуынша, мұндай ірі зауыттарда аталған бақылау жүйесі шешуші рөл атқарады. Процестің экологияға әсерін азайтып, тұрғындардың денсаулығын қорғауға септігін тигізеді. Автоматты бақылау жүйесінің енгізілуі мынадай оң нәтижелерге әкеледі:
• ауа сапасының жақсаруы;
• тұрғындардың денсаулыққа қатысты қауіптердің азаюы;
• өнеркәсіптік кәсіпорындардың жауапкершілігінің артуы;
• экологиялық заңнаманың тиімді орындалуы;
• қаланың жасыл экономика бағытында дамуына ықпал.
Өнеркәсіптік шығарындылардың қала экологиясына әсерін азайту – уақыт талабы. Зауыттардан шығатын түтін мен газды үздіксіз өлшейтін автоматты бақылау жүйесі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралы болып отыр. Мұндай жүйелердің енгізілуі тұрғындардың денсаулығын қорғауға, ауа сапасын жақсартуға және өндіріс орындарын экологиялық жауапкершілікке тартуға үлкен мүмкіндік береді.


