Стартаперлер жаңа жобасын таныстырды

Oinet.kz 05-12-2025 3

Қазіргі заманда экономикалық дамудың басты драйвері – жаңа идеялар мен инновациялар. Сол себепті стартап жобаларды қолдау – елдің экономикалық дамуына, кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілуіне және жастардың креативтік әлеуетін іске асыруға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық шара болып табылады.  

image.png

     Стартап жобалар – әдетте жаңа технологиялық шешімдерге, инновациялық қызмет түрлеріне немесе ерекше бизнес-модельдерге негізделген кәсіпкерлік бастамалар. Көп жағдайда мұндай жобалар бастапқы капиталға, тәжірибелі кеңесшілерге және қолдаушы орталықтарға мұқтаж болады. Мемлекеттік және жеке сектор тарапынан көрсетілетін қолдау стартапшыларға идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға, экономиканы әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді.

     Осы орайда Шымкентте Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Demo Day финалдық кезеңі өтіп, үздік стартап жобалар көпшілікке таныстырылды. Үш айға созылған білім беру, тәлімгерлік және өнімді әзірлеу кезеңінен кейін жас кәсіпкерлер өз идеяларын қорғай отырып, инвесторлар мен сарапшылар алдында кәсіби деңгейде жобаларын көрсетті.

      Іс-шара барысында Шымкент HUB аймақтық менеджері Құрманғазы Мұратов бағдарламаның өңірдегі маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, биылғы инкубацияға жалпы 82 жоба тіркеліп, олардың ішінен 20-ға жуық стартап жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, финалға жолдама алған. Ол Startup Orda бағдарламасының стартаперлерге өнімді әзірлеу, нарықты зерттеу, бизнес үлгіні қалыптастыру, техникалық және коммерциялық бағыттағы жүйелі қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар әр стартапқа бекітілген 2 трекердің кәсіби көмегі, тәжірибелік сабақтар мен 3-4 офлайн воркшоптардың жас кәсіпкерлер үшін үлкен тәжірибе болғанын жеткізді. Аймақтық менеджер тәжірибелі мамандардың қатысуы да қатысушыларға зор мүмкіндік бергенін айтып отыр. 

      Startup Orda инкубациялық бағдарламасына 20-дан аса команда қатысты. Әртүрлі жастағы студенттер мен тәжірибелі мамандар сарапшыларға өз жобасын таныстырды. Олардың қатарында жұмысын таныстыруға келген Орталық Азия инновациялық университетінің өкілі Нұрбек Омардың стартап жобасы бар. Ол церебральды сал ауруы бар балаларға арналған интерактивті электронды құрылғы ойлап тауып, оның тиімділігін айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 19 мыңға жуық бала ЦСА-мен ауырады, ал ЦСА елдерінде бұл сан 50 мыңға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Ол өз сөзінде Astana Hub ұйымдастырған бұл бағдарламаның жас мамандар мен жас кәсіпқойлар үшін тиімді алаң екенін атап өтті.   Нұрбек Омар 2 ай көлемінде өткізілген сабақтар барысында стартап құрылысының негізгі принциптері: нарықты зерттеу, өнімнің қажеттілігін анықтау, мақсатты аудиторияны белгілеу, баға саясатын қалыптастыру және инвестиция тарту жолдары кеңінен түсіндірілгенін айтты.  «Сал ауруы  диагнозы бар балалардың негізгі мәселелері – оңалту орталықтарына барудың қиындығы, кезектің көптігі, қажетті жабдықтардың шектеулілігі және олардың стационарлы болуында. Қазіргі оңалту жұмыстарының көбінде балаларға арналған жүгіру жолақтары қолданылады, алайда оның кемшілігі көп. Бұл баланың қызығушылығын оятпайды, сондықтан әр жерге алып жүру мүмкін емес әрі бағасы өте жоғары. Сол себепті жаңа электронды интерактивті ходуноктың бағасы дәстүрлі құрылғылардан 10–20 есе төмен болмақ»,- дейді стартапер Нұрбек Омар.

     Demo Day финалдық кезеңінде  одан өзге маркетплейстердегі қауіпті заттарды анықтайтын чат-боттар,  көз ауруларын ерте анықтайтын онлайн-тесттер, білім, құрылыс және жасанды интеллект бағытындағы шешімдер бар.

    Shymkent hub – Шымкент қаласындағы стартаптар мен IT жобаларды дамытуға арналған кеңістік! IT-хаб жас командаларға қолдау көрсетіп, олардың цифрлық идеяларын жүзеге асыруға көмектеседі. Стартап-буткемптер, хакатондар, воркшоптар мен коворкинг – мұның бәрі Shymkent hub-та қолжетімді!

     Инкубациялық бағдарлама алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айта кетейік. Startup Orda стартаперлерге өнімді әзірлеуге, нарықты зерттеуге, бизнес үлгіні қалыптастыруға және коммерциялық бағытта жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

      Demo Day финалдық кезеңінде үздік жобалар іріктелді. Енді стартаперлер тың жобаларын жүзеге асыру үшін инвестор табуы керек. Бұл орайда «Шымкент HUB» көмек қолын созады.

     Айта кетейік, өткен жылы шаһарда қала әкімдігінің қолдауымен «Shymkent HUB» технологиялық паркі іске қосылған болатын. HUB-тың басты мақсаты – IT экожүйесін дамыту, цифрландыру дағдыларын енгізу, оның технологияларын дамыту, жалпы көпшілікті осы салаға қызықтыру. Былтыр HUB-та IT-қауымдастықты дамытуға және аймақтағы стартап жобаларды қолдауға бағытталған 72-ке жуық іс-шара өткізіліп, 2 хакатон, жоғары деңгейде форумдар ұйымдастырылған.  2030-ға жуық келушілер тіркелген. Қала тұрғындарына арналған 200-ден астам білім бағдарламалары курсы ашылды. Орталық өңірдегі талантты жастарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасайды.

     Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтіп, Astana Hub тәжірибесін кеңінен масштабтау міндетін қойды. Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 15 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр. 

    Стартап жобаларды қолдау тек жеке кәсіпкерлерге емес, жалпы қоғамға да пайда әкеледі. Олар инновациялық қызмет түрлерін енгізіп, жаңа технологияларды дамытуға ықпал етеді. Жастар арасында кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастырып, экономикалық белсенділікті арттырады. Сонымен қатар стартаптар шағын және орта бизнес секторын дамытып, елдің халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Жаңа, тың жобаларды қолдау – инновациялық идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Мемлекет пен жеке сектордың бірлескен әрекеті жаңа кәсіпкерлердің дамуына серпін беріп, экономиканы жаңғыртуға, жұмыс орындарын құруға және қоғамдағы әлеуметтік белсенділікті арттыруға бағытталған нақты қадам болып табылады. Стартаптарды қолдау арқылы елдің экономикалық болашағы мен бәсекеге қабілеттілігі нығаяды.

Шымкентте энергетика саласындағы жұмыстар бойынша есеп беру кездесуі өтті
Ресейлік дәрігерлердің қатысуымен тәжірибе алмасу семинары өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу