Шымкентте көп балалы ана грант қаржысына түзету-дамыту орталығын ашты
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға, еңбекке қабілетті тұрғындарды экономикалық белсенділікке тартуға бағытталған қолдау шаралары кеңейіп келеді. Солардың ішінде әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға қайтарымсыз грант беру – тиімділігі жоғары, нәтижелі әлеуметтік бастамалардың бірі. Бұл бағдарлама әсіресе бастапқы капиталы жоқ, алайда кәсіпкерлікке ниеті бар тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктің есігін ашып отыр.

Әлеуметтік осал топтар санатындағы тұрғындарға қайтарымсыз грант беру – азаматтардың өз кәсібін бастауына, табыс көзіне ие болуына және экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік қолдау тетігі. Қайтарымсыз қаржының көмегімен тұрғындар тігін, қызмет көрсету, қолөнер, ауыл шаруашылығы, сұлулық индустриясы және шағын өндіріс секілді салаларда жеке кәсібін жолға қоя алады. Сонымен қатар грант алушыларға кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу, консультациялық қолдау және бизнес-жоспар әзірлеуге бағытталған кеңестер ұсынылады. Бұл бастама әлеуметтік теңдікті нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Сала мамандарының дерегінше Шымкент қаласында биыл әлеуметтік осал топтар санатындағы 431 тұрғынға комиссия шешімімен 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант берілген. Қолдау алған азаматтардың басым бөлігі қаржыны мақсатты жұмсап, бизнес-жобаларын жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – қала тұрғыны, көп балалы ана Ақмейір Қабылбек. Ол биылғы алғашқы лекте грантқа өтінім беріп, комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 400 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, ерекше балаларды түзету-дамыту орталығын ашты.
2025 жылғы айлық есептік көрсеткішке сәйкес, 400 АЕК 1 572 800 теңгені құрайды. Кәсіп иесі бұл қаржыға ерекше балаларға арналған велосипед-тренажер, электрлі жүру жолағын, батут, татами, орындықтар және логопедиялық құрал-жабдықтар сатып алған. Ал орталыққа арналған ғимаратты өз қаржысы есебінен жалға алып, ісін бастап отыр.
«Мамандығым – дефектолог. Бұған дейін түрлі орталықтарда ерекше балалармен жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Қайтарымсыз грантқа өтінім қабылданып жатқанын естіп, өз бағытымды дамытуға мүмкіндік барын түсіндім. Комиссия жобамды мақұлдап, 400 АЕК грантқа ие болдым», – дейді грант иегері Ақмейір Қабылбек.
Бүгінде орталықта 5 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін 20 балаға логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция және АФК мамандары қызмет көрсетіп жатыр. Айта кетейік, гранттарды бекіту кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, нарықтағы сұранысына және үміткердің сала бойынша тәжірибесіне ерекше мән береді. Сонымен қатар қайтарымсыз грант үй мен жер телімін сатып алуға, несиені өтеуге, сондай-ақ, акциздік тауарларды өндіруге берілмейді.
Грантқа өтініш беру Enbek.business.kz порталы арқылы жүргізіледі. Үміткерлер өз бизнес-жобаларын онлайн тіркеп, кейін комиссия алдында офлайн қорғап шығуы тиіс. Шымқалада бірінші лекте 134 адам (65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз), екінші лекте 199 адам (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Мемлекеттік қолдаудың ІІІ легінде жалпы 398 өтінім қабылданған болса, соның 99-на қайтарымсыз грант берілді. Жеңімпаздардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтардан: көп балалы 55 отбасы, мүгедектігі бар 21 азамат, 17 ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, асыраушысынан айрылған 5 адам және 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы.
Гранттардың басты мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы дамыту. Мемлекеттен берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істеп, жобалардың іске асуын қадағалайды. Егер қаражат мақсатсыз жұмсалса, ол мемлекетке қайтарылады. Грант ұтқандар әр тоқсан сайын есеп беруге міндетті.
Тәжірибе көрсеткендей, грант иегерлерінің басым бөлігі алған қаражатты тиімді пайдаланып, отбасылық табысын тұрақты ете алған. Көптеген шағын кәсіп бастапқы кезеңнен сәтті өтіп, өз ісін кеңейтуге мүмкіндік тапты.
Қайтарымсыз грант алып, шағын кәсібін бастаған әрбір азамат – әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін мысал. Мұндай көмек әсіресе көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар және жұмыссыз жастар үшін үлкен үміт пен жаңа мүмкіндіктің бастауы.
Бұл бастама тек табыс табу мүмкіндігін ғана емес, тұрғындардың өзіне деген сенімділігін арттырып, қоғамның экономикалық өміріне белсенді араласуына жол ашады.
Әлеуметтік осал топтарға қайтарымсыз грант беру – халықты қолдаудың маңызды әрі тиімді механизмі. Ол қаланың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, мыңдаған азаматтың жаңа өмірлік бағытты бастауына мүмкіндік береді.
Жаңа жобалар осы мемлекеттік қолдаудың көмегімен қала экономикасын дамытуға және жұмыс орындарын құруға өз үлесін қосады деп күтілуде. Бұл бастама – әлеуметтік санаттағы азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп қана қоймай, Шымкенттегі кәсіпкерліктің дамуына серпін бермек.


