7 282 зейнеткер шипажайға жолдама алды
Қоғамның даму деңгейі оның үлкен буынға көрсететін құрметі мен қолдауынан көрінеді. Зейнет жасындағы азаматтардың денсаулығын нығайту, белсенді өмір салтын қалыптастыру және олардың қоғам өміріне қатысуына жағдай жасау – бүгінгі әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ұзақ жылдар бойы түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан қариялардың өмір сапасын жақсарту – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

Аға буын өкілдерінің денсаулығын күшейту үшін ең алдымен медициналық қызметтердің қолжетімді болуы маңызды. Қала көлемінде профилактикалық тексерулердің тұрақты жүргізілуі, созылмалы ауруларды ерте анықтайтын скринингтік бағдарламалар, арнайы геронтологиялық кабинеттердің ашылуы – қарт адамдарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруда. Сонымен қатар мобильді медициналық бригадалардың жұмысы, үйде қызмет көрсету форматы және консультативтік қолдау – олардың күнделікті өмірін жеңілдететін тиімді тетіктер.
Шымкент қаласында зейнет жасындағы азаматтардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында түрлі қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Шаһарда зейнеткерлердің денсаулығын нығайту мақсатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» мекемесі шипажай қызметін көрсетеді. Бозарық шағынауданында орналасқан 120 орынды сауықтыру кешенінде зейнеткерлер 10 күн бойы 25 түрлі ем ала алады. Демалушылардың қысқа мерзімде емделуі үшін мекемеде толық жағдай жасалған. Ең алдымен зейнеткерлерге ем алу кітапшасы толтырылып, жасы мен денсаулығына байланысты бөлмелерге жайғастырылады.
Үш қабатты орталықта бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жадбықталған ғимаратта түрлі ем шараларын алып, демалу үшін барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек, зейнеткерлер үшін денсаулықты қолдау және оңалту бағдарламалары ұсынылады. Физиотерапия, массаж, дене шынықтыру жаттығулары және тыныс алу гимнастикасы, электромагнитті терапия орталығы, сумен емдеу орталығы, ЕДШ, дәрілік шөптер тұнбалары бар. Ал, ЕДШ кабинетінде инверсиялық орындық, жаттығу велосипеді, жүгіру жолы, массаж роликтері, пресске арналған роликтер қарастырылған. Физиотерапия бөлмесінде - электрофорез, вибромассаж, миостимулятор, ингалятор, массаждық орындық, массаждық керует, аяқ массажеры және қолмен жасаж түрлері бар. Сонымен қатар, емделушілерге дәрігердің ем парағы бойынша парафин де тағайындалады. Мұндай қызметтер арқылы зейнеткерлер денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын сақтай алады. Қартаю процесін жеңілдетуге бағытталған бұл шаралар әрбір азаматты жеке тұлға ретінде қарастырып, оларға қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ демалушылар үшін ғимаратта арнайы кітапхана, мәжіліс залы қарастырылған. Орталықта жыл сайын 2 мыңнан аса ардагерге санаториялық қызметтер көрсетіп келеді. Санитарлы-гигиеналық, мәдени іс-шаралар демалушылардың денсаулығына, жас ерекшеліктері мен қызығушылығына қарай жүргізіледі.
Зейнеткерлерге жолдама беру geo-shym.kz сайты арқылы кезек тәртібімен беріледі. Қазір кезекте 29 мыңға жуық зейнеткер тіркелген.
Қала әкімінің бастамасы және мәслихаттың шешімі бойынша биыл 5 500 зейнеткерге шипажайға жолдама қарастырылған. 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, 4 982 жолдама еңбек ардагерлеріне табысталды.
Ал «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде биыл 2 332 зейнеткер ем-сауықтыру қызметін алды. Жалпы, қала бойынша 7 282 зейнеткер қамтылып отыр. Сауықтыру кешеніне келген ардагерлер көрсетілетін қызмет сапасына жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдіруде. Медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен жайлы жағдайдың үйлесуі бұл орталықты қаладағы ең тиімді сауықтыру орындарының біріне айналдырып отыр. Қала әкімдігі алдағы жылдары да осы бағыттағы қолдау шараларын жалғастырып, зейнеткерлердің денсаулығын сақтау мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бағдарламаларды кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл – Шымкент қаласының аға буынға деген құрметі мен қамқорлығының айқын көрінісі.
Статистикалық деректерге сәйкес, жыл сайын шамамен 7 500 жолдама бөлінеді. Бұл әр азаматтың орта есеппен 2,5–3 жылда бір рет тегін ем алуына мүмкіндік береді. Биылғы жылы зейнеткерлер бірнеше танымал сауықтыру орындарына жолдама алды. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайы, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісайдағы «Күлпаршын», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» кешені.
Зейнет жасындағы азаматтардың денсаулығын қорғау және салауатты өмір салтын қолдау – олардың ұзақ, белсенді әрі сапалы өмір сүруінің кепілі. Бұл бағыттағы әрбір бастама – қоғамның аға буынға деген қамқорлығы мен құрметінің көрінісі. Қариялардың әл-ауқаты жоғары болса, қоғамның рухани тұғыры да берік болмақ.


