Шымкентте республикадағы алғашқы әмбебап жедел қызмет кешендері ашылды
Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қаланың қарқынды дамуы, жаңа шағынаудандардың көбеюі және халық санының артуы жедел қызметтердің жауапкершілігін еселей түсті. Осыған орай, төтенше жағдайлар мен жедел шақыртуларға уақтылы әрекет етуге мүмкіндік беретін жаңа инфрақұрылым мен заманауи жобалар іске қосылуда.

Қаланың әр аумағында қауіптің алдын алып, оқиға кезінде шұғыл көмек көрсету – негізгі міндет. Бұл мақсатта арнайы бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызметкерлердің кәсіби даярлығы жетілдіріліп келеді. Жедел қызметтердің үйлесімді жұмысы қысқа мерзімде төтенше жағдайдың алдын алуға, залалды азайтуға және адам өмірін сақтап қалуға тікелей әсер етеді.
Шымкент қаласында еліміз бойынша баламасы жоқ жаңа үлгідегі әмбебап жедел қызмет кешендерінің алғашқылары пайдалануға берілді. Бүгін Еңбекші ауданының Елтай тұрғын алабында өткен салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.
Министрдің айтуынша, мұндай кешендерді құру – Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы және жедел қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа модель полиция, төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндіру және медициналық жедел жәрдем бөлімшелерінің бір нысанда шоғырланып, үйлесімді әрекет етуіне мүмкіндік береді. Интеграциялық тәсіл оқиға орнына жету уақытын қысқартып, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді.
Елтай және Таскен шағын аудандарында ашылған модульдік кешендер осы заманауи талаптарға толық сай. Кешендердің басты ерекшелігі – қаладағы жедел қызметтердің жұмысын бір орталыққа шоғырландыра отырып, оқиға орнына жету уақытын барынша қысқарту. Мұнда өрт сөндіру бөлімі, жедел-құтқару жасағы, медициналық жедел жәрдем бекеті және қалалық азаматтық қорғаныс қызметтері бір жерде орналасқан. Елтайдағы жаңа жедел қызмет бекеті 3309 шаршы метр аумақта орналасқан, жалпы жер аумағы — 7 мың шаршы метр. Кешен құрамына оқу мұнарасы, қызметкерлерге арналған кабинеттер, арнайы техникаға арналған бокстар мен маневр алаңы кіреді. Мұнда тәулік бойы шамамен 50 маман қызмет атқарады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов: «Бірлесіп қызмет атқаратын депо алғаш рет ашылып отыр. Бұл – бүкіл елге үлгі боларлық бастама. Полиция, медицина, төтенше жағдайлар қызметі бір сапта тұрып, бір қауіпке бірге төтеп беруі – біздің басты қағидамыз. Қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді.
Жоба жергілікті бюджет есебінен небәрі алты айда жүзеге асырылып, қазіргі заман стандарттарына толық сәйкес жабдықталған. Кешен Елтай, Маятас, Тоғыс және Айнатас тұрғын алаптарында тұратын 25 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, бұл жоба – халық қауіпсіздігіне бағытталған ұзақмерзімді бағдарламаның бір бөлігі. Жаңа кешендер тұрғындарды қорғауға арналған жедел қызметтердің қолжетімділігін арттырып, шақыртуларға әрекет ету уақытын 30–40 пайызға дейін қысқартады деп күтілуде. Тұрғындар үшін бұл – күнделікті қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Қаланың өсу қарқыны мен халық санының артуын ескерсек, әмбебап жедел қызмет нысандарының ашылуы – мегаполис дамуының жаңа кезеңі.
Шара аясында төтенше жағдайлар жүйесінің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары мен қалалық басқарма басшыларына табысталды. Сонымен қатар, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ҚР ТЖМ-нің 30 жылдық мерекелік медалі берілді.
Жергілікті тұрғындар жаңа кешендердің ашылуын қала қауіпсіздігін арттыру жолындағы айтарлықтай белес деп бағалады. Қазығұрт тұрғын алабы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Батырхан Әшетов: «Бұрын төтенше жағдай болғанда қызметтердің жетуіне біраз уақыт кететін. Енді бәрі бір жерден шығады. Айтып отырғандары – ең алыс нүктеге 7 минутта жету. Бұл – халық үшін өте құптарлық бастама», – деді.
Салтанатты рәсім лентаны қию және кешен жұмысын ресми түрде іске қосумен аяқталды. Қала әкімдігі жыл соңына дейін осындай тағы екі модульдік кешен ашуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы қосымша 7 нысанның құрылысы аяқталып, Шымкенттің жедел қызмет жүйесі толық жаңғыртылмақ.
Шымкентте алғашқы кешендердің іске қосылуы – үлкен жобаның бастамасы ғана. Алдағы жылдары басқа шағынаудандарда да осындай әмбебап кешендер салу жоспарланып отыр. Бұл қаладағы жедел қызметтердің инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртып, қызмет сапасын одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.


