Шымкентте тағы екі мұз айдыны ашылды
Шымкенттің қоңыржай қысы мен желпілдеген көктемінің арасында қаланың өміріне шағын ғажайып енді. Осы аптада қала тарихында алғаш рет Астана алаңында ашық мұз айдыны пайдалануға берілген болатын. Бұл – спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қадам ғана емес, мегаполистің қалалық мәдениетіне жаңа реңк қосқан айшықты оқиға. Ал бүгін қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы екі мұз аренасы ашылды. Оның бірі сол Астана алаңында болса, екіншісі «Мұз сарайының» жанында орналасқан.

Ал жақын күндері Арбат маңында тағы бір мұз айдынын ашу жоспарланып отыр. Бұл алаңдар көпшіліктің қыс мезгілін белсенді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, жайлы қысқы демалыс аймақтарын құру бастамасы қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – мегаполис тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз әрі жайлы қысқы демалыс ұйымдастыру.
Барлық айдын қауіпсіздік талаптарына сай: мұздың сапасы жақсы, заманауи жарықтандыру орнатылған, демалыс аймақтары мен коньки жалға беру қарастырылған. Өз конькиімен келген тұрғындар тегін сырғанай алады, ал қалған азаматтар конькиді жалға алуына болады.
Барлық мұз айдындары қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді: мұз жабынының сапасы қамтамасыз етілген, заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылған, демалыс орындары мен коньки жалға беру қызметі қарастырылған.
ЖҰМЫС УАҚЫТЫ
- Жұмыс күндері:сағ. 15:00 – 01:00
- Демалыс күні:сағ. 12:00 – 01:00
СЫРҒАНАУ УАҚЫТЫ: 1 сағат
АШЫҚ МҰЗ АЛАҢЫНА ӨЗ КОНЬКІЛЕРІҢІЗБЕН КІРУ — ТЕГІН
Коньки болмаған жағдайда, жалға алу бағасы:
- 13 жасқа дейінгі балаларға — 500 теңге
- 14–17 жас аралығындағы мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері — 1000 теңге
- Ересектерге — 1500 теңге
Конькиді жалға алу кезінде жеке куәлікті немесе студенттік билетті қалдыру керек.
Ал келушілерге қауіпсіздік ережелерін сақтап, жабдықтарға ұқыпты қарауды сұраймыз дейді мамандар.
Қала тұрғындары жаңа айдынды ерекше қуанышпен қабылдап, алғашқы күннен-ақ үлкен қызығушылық танытты. Әсіресе балалар мен жастар үшін бұл – қыс мезгілінде көңіл көтеріп, спортпен шұғылдануға таптырмас мүмкіндік.
Шымкенттегі алғашқы ашық мұз айдыны – қаланың заманауи, қолайлы әрі спортқа бағытталған жаңа инфрақұрылымының айқын көрінісі.


