700 грамм салмақтағы сәби аман қалды

Oinet.kz 03-12-2025 1

Шымкентте аз салмақта туған балалардың өмірін сақтау көрсеткіші артып келеді. Заманауи технологиялар мен жоғары кәсіби мамандардың арқасында жүздеген шала туған нәресте өмірге қайта келдуде. 

image.png

    Шымкент қаласы соңғы жылдары перинаталдық медицинаны қарқынды дамытып, аз салмақта туған нәрестелердің өмірін сақтау бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Қаланың Перинаталдық орталықтары мен қалалық клиникалық балалар ауруханасының неонаталдық қызметі бүгінде өңірдегі ең күрделі жағдайлармен жұмыс істейтін жетекші орталықтардың қатарында.

Шымкент – туу көрсеткіші жоғары мегаполис. Қалада жыл сайын 30 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Соның ішінде шамамен  мыңнан астам  нәресте аз салмақпен немесе шала туған болып тіркеледі. Бұл – неонаталдық қызметтің жүктемесі өте жоғары деген сөз.

Шымкент қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері жүктіліктің 26 аптасында дүниеге келген, небәрі 705 грамм салмақтағы шақалақтың өмірін аман сақтады. Анасы ауыр преэклампсиядан зардап шеккендіктен, жүктілік мерзімінен бұрын аяқталды.

Өте аз салмақта туған сәбидің алғашқы 56 күні жан сақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында өтті. Ақ желеңділер 75 күн бойы баланың өмірі үшін күресіп, заманауи медициналық технологиялар мен дәрілік препараттарды қолданды. Қазіргі таңда сәби 2350 грамм салмақта үйіне шығарылды.

-Аз салмақта туған балалардың өмірін сақтауда ана мен дәрігерлердің қаншама ұйқысыз түндері мен уайымы бар. Біз үшін әрбір баланың аман қалуы – үлкен жеңіс. Шала және өте аз салмақта туған балаларды емдеуде жоғары технологиялық жабдықтар мен заманауи дәрі-дәрмектер қолданылады. Барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі», – дейді қалалық перинаталдық орталықтың дәрігер-неонатологы Сапаргүл Қожабаева.

Дәрігердің айтуынша, жыл басынан бері орталықта 38 шақалақ өте төмен салмақта дүниеге келген. Мұндай сәбилердің өмірін сақтау тек кәсіби біліктілік пен заманауи медициналық құралдардың арқасында мүмкін.

    Соңғы жылдары дәрігерлермен бірге аналардың да рөлі арта түсті. Перинаталдық орталықтарда «Кенгуру» әдісі тұрақты енгізіліп, шала туған сәбилер ананың дене жылуы арқылы тез оңалатыны дәлелденді.

Бұл тәсіл нәрестенің  тыныс алуын,  жүрек соғысын,  эмоционалдық байланысын, салмақ қосуды жеделдететіні анықталды. Шымкент дәрігерлері бұл әдістің тек медициналық емес, психологиялық пайдасы да зор екенін айтады.

Қаладағы неонатологтар мен реаниматологтар Түркия, Оңтүстік Корея, Израиль және Германия елдерінде тағылымдамадан өтіп, халықаралық протоколдар бойынша жұмыс істейді.

Шала туған баласы бар аналар үшін перинаталдық орталықтарда арнайы психологтар жұмыс істейді. Олар ананың күйзелісін азайтуға, баламен байланыс орнатуға, күтім ережелерін үйретуге көмектеседі.

Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлер ата-аналарға қажетті құжаттарды рәсімдеу, күтім құралдарын алу және емдеу процесіне бейімделу бойынша бағыт-бағдар береді.

Аз салмақта туған сәбилердің өмірін сақтау – үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін жұмыс. Шымкент қаласында бұл бағыт жүйелі дамып, жаңа технологиялар енгізіліп, мамандардың кәсіби әлеуеті артуда. Нәтижесінде өмірге әлсіз келген жүздеген нәресте жаңа мүмкіндік алып, қалыпты өмірге бейімделіп жатыр.

Бұл – тек медицина саласының жетістігі емес, мыңдаған отбасы үшін үміт пен қуаныштың бастауы.

Шымкентте алғаш рет жоғары технологиялы күрделі ота сәтті жасалды
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақты жүргізіліп келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу