Шымкентте алғаш рет жоғары технологиялы күрделі ота сәтті жасалды
Соңғы жылдары Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі жаңа деңгейге көтерілді. Қалаға республикалық және халықаралық дәрежедегі жаңа технологиялар енгізіліп, күрделі ауруларды емдеу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Әсіресе инновациялық, тіліксіз (инвазивті емес) операциялардың жасалуы мегаполистегі медицинаның жаңа дәуірін қалыптастыруда.

Шымкентте мемлекеттік және жекеменшік клиникалардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды. Соңғы жылдары қалада жаңа көпсалалы ауруханалар мен емханалар ашылды, перинаталдық орталықтар жаңғыртылды, балалар ауруханасы мен жедел медициналық көмек жүйесі толықтай цифрландырылды, МРТ, КТ, ангиография, лапароскопия сияқты жоғары технологиялы құрылғылар орнатылды. Бұл жаңғырту жұмыстары тұрғындарға диагностикадан бастап, күрделі ем-домға дейін барлық қызметті жергілікті жерде алуға мүмкіндік отыр.
Инновациялық медицинаның ең маңызды жетістіктерінің бірі – минималды инвазивті, яғни тіліксіз немесе өте кіші тіліктер арқылы жасалатын операциялар. Бұл әдістер Шымкентте кеңінен қолданылып келеді.
Жақында мегаполисте алғаш рет медицина саласындағы аса күрделі әрі жоғары технологиялы операция сәтті орындалып, науқастың сынған сүйектері тіліксіз, артроскопиялық әдіспен алынды.
39 жастағы науқас сатыдан құлап, аяғын сындырып алған. Ең қиыны – жамбас буынының ішінде екі сүйек сынығы қалып қойды. Бұрын мұндай операциялар тек Астана қаласындағы ғылыми-зерттеу орталықтарында ғана жасалып келсе, енді жоғары технологиялы ем-шара Шымкентте де жүзеге асырыла бастады.
Буын ішіндегі сүйек сынықтарын алу – техникалық жағынан өте күрделі процесс. Асқан дәлдікті, мол тәжірибені талап ететін, арнайы жабдықпен, ашық тіліксіз, артроскопиялық әдіспен жасалатын ота жарақаттың аз болуын, тіндердің сақталуын және жылдам қалпына келуді қамтамасыз етеді.
Операция сәтті өтіп, науқас жамбасының анатомиялық тұтастығы қалпына келтірілді. Бұл жетістік қалалық №1 клиникалық аурухана ортопедиялық травматологиялық қызметінің қарқынды дамуын көрсетеді.
Жалпы шымкенттік мамандар мұндай операциялардың артықшылықтары көп дейді. Яғни тілік жасалмайды, қан жоғалту аз, ауырсыну дәрежесі төмен және науқастың қалпына келу уақыты жылдам болады.
Шымкентте цифрлық медицинаның да қарқыны жоғары. Қаладағы клиникалар: электронды кезек жүйесіне өтті; телемедицина кабинеттерін іске қосты; зертханалық талдаулар толық автоматтандырылды. Бұл жаңашылдықтар дәрігер жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, диагноз қою дәлдігін арттырады. Шымкенттің клиникаларына еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден келіп емделушілердің саны артуда. Бұған қолайлы климат, қолжетімді баға, сапалы қызмет, жоғары технологиялы операциялардың қолжетімділігі себеп болып отыр. Бұл да қаланың медициналық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Шымкент қаласында медицина саласы жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Заманауи жабдықтар, цифрландыру, жоғары технологиялы тіліксіз операциялар, білікті мамандар – мегаполистегі денсаулық сақтау жүйесінің дамуын айқын көрсетеді. Қала тұрғындары бұрын тек республикалық орталықтарда қолжетімді болған күрделі оталарды бүгінде өз өңірінде жасай алады. Бұл – медицинаның сапасы артқанын, халық денсаулығына жасалып жатқан қамқорлықтың күшейгенін білдіреді.


