Студенттер МӘМС жүйесінде сақтандырылған
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды өзгерістердің бірі – орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімінде оқитын студенттерді толыққанды медициналық сақтандырумен қамту. Сонымен қатар, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық жастар да мемлекет есебінен МӘМС жарнасын төлеу мүмкіндігіне ие. Егер студент ресми түрде жұмыс істесе, жұмыс беруші оның жалақысынан жарна ұстамайды және өзі де аударым жасамайды.

Бұл шара білім алып жүрген азаматтардың денсаулығын қорғауға, олардың медициналық қызметтерге толық қолжетімді болуына бағытталған. Өйткені оқу процесіндегі жастар – елдің болашағын қалыптастыратын негізгі адам капиталы. Сондықтан мемлекет олардың денсаулық сақтау саласында қамтылғанына ерекше мән береді.
Студенттер үшін медициналық сақтандыру туралы осы және өзге де маңызды мәліметтер ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы қызметкерлерінің қаладағы жоғарғы оқу орындарын аралау барысында түсіндірілді. Қор өкілдері атап өткендей, «Сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде тағайындалады.
Бұл үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰБДБ) немесе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы (ЖББП) негізінде мәліметтер алынады. Бұл ақпараттар оқу орнының ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі. Мұнда ЖОО қызметкерлері студенттердің жеке деректерін, оқу кезеңі мен формасын дұрыс көрсетіп, деректерді уақытында жаңартып отыруы маңызды.
Ал, шетелде оқитын студенттер мәртебе алу үшін өз деректерін электрондық үкімет порталы egov.kz арқылы «Шетелде білім алып жатқан студенттерді тіркеу» мемлекеттік қызметі арқылы өзі ұсынуы керек. Өтініш толтырып, оқып жатқанын растайтын құжатты қоса тіркеу қажет. Қазақ немесе орыс тіліне аударылған әрі оқу орнынан нотариалды расталған анықтама болуы керек. Деректер дұрыс енгізілсе, мәртебе 10 жұмыс күні ішінде беріледі.
Қазақстанда оқитын студент мәртебе ала алмаса, оқу орнындағы ақпараттық жүйедегі мәліметтерді нақтылау үшін ЖОО-ға жүгінуі керек. Мұнда оқу мерзімі қате көрсетілуі немесе ЖСН дұрыс енгізілмеуі мүмкін.
Шетелде оқитын студенттерде мәртебе бойынша қиындық туындаса, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгінуі қажет. Бұдан бөлек, әр семестр аяқталғаннан кейін egov.kz порталы арқылы өз оқуын растап отыру маңызды.
МӘМС жүйесіне енгізілген студенттер: емханаларда тегін қабылдау мен диагностикадан өтуге, қажет анализдер мен зертханалық тексерулерді ақысыз орындауға, жоғары технологиялы медициналық қызметтерді қолдануға, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылуға, күрделі операцияларды МӘМС есебінен алуға
құқылы. Бұл өзгерістер көптеген студенттердің денсаулығына уақытылы көңіл бөлуге, аурулардың алдын алуға және емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
Жастар – елдің экономикалық, әлеуметтік және интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын негізгі күш. Сондықтан студенттердің денсаулық сақтау жүйесінде толық қамтылуы елдің даму стратегиясына сай маңызды қадам болып саналады.
Медициналық сақтандырумен қамтылған студенттер: денсаулығын бақылауға мүмкіндік алады; білім сапасын төмендететін созылмалы аурулардың алдын алады; белсенді өмір салтын қалыптастырады; өз құқықтары мен мүмкіндіктерін жақсы түсіне бастайды.
Студенттер мен шетелде оқитын қазақстандық жастар үшін МӘМС жарнасын мемлекет есебінен төлеу – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің, жастарға жасалатын қамқорлықтың анық көрінісі. Бұл реформаның нәтижесінде білім алушылар сапалы медициналық қызметке толық қол жеткізіп, денсаулықтарын сақтай отырып, оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады.


