Шымкентте әлеуметтік осал азаматтарды мәмс жүйесінде қамту күшейтіледі

Oinet.kz 05-12-2025 6

    Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін тиімді ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуы, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі осы жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Сондықтан МӘМС механизмдерін жетілдіру – бүгінгі күннің стратегиялық міндеттерінің бірі. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға медициналық көмектің толық әрі уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету – реформалардың басты бағыты болып отыр.

image.png

    Медициналық сақтандырудың басты мақсаты – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беру. Бұрын медициналық сақтандырудан тыс қалған немесе жарна төлеуде қиындық көрген әлеуметтік топтар үшін мемлекет тарапынан жаңа қолдау тетіктері енгізіліп жатыр.

    Сала мамандарының дерегінше Шымкентте бүгінгі таңда 1 миллионнан астам адам, яғни халықтың 81,7 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлеуде. Алайда, қалада МӘМС жүйесіне қатыспайтын 55 362 осал санаттағы азаматтар бар. Өзгерістер дәл осы топты қолдауға бағытталып отыр. 

    Президент тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бастап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл – осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олардың қажетті емді уақытылы алуына жол ашатын жүйелік реформа.

    МӘМС жүйесіндегі осы және өзге де маңызды өзгерістер мен қажетті ақпараттар бүгін ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы қызметкерлерінің Индустриалды-Техникалық колледж ұжымымен кездесу барысында егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ұстаздар қауымы медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Айта кету қажет, Қор филиалалының мамандары қазіргі таңда халық арасында МӘМС туралы заңға енгізілген өзгертулер жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

     Мамандар бұл шешім республика бойынша:   жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге,  кедейлікті азайтуға,  жұмыссыздарды нақты есепке алуға,  осал топтардың медициналық көмекке қолжетімділігін сақтауға оң ықпал ететінін айтады.    2026 жылы МӘМС жүйесіне 45,3 млрд теңге түседі деп жоспарлануда: 30,4 млрд – әлеуметтік осал азаматтар үшін; 15 млрд – жұмыссыздар үшін. Нәтижесінде осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қамтылады.

    Айта кетейік, бұл жүйе желтоқсанда Ақмола облысы мен Астана қаласында пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр.

      МӘМС жүйесінің тиімді жұмысы үшін тұрғындардың ақпараттануы да шешуші рөл атқарады. Сондықтан қорға жүгіну жолдары, сақтандыру мәртебесін тексеру, медициналық қызмет түрлері туралы түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Тұрғындар енді өз мәртебесін eGov, Telegram-боттар немесе мобильді қосымшалар арқылы оңай анықтай алады.

     МӘМС жүйесін жетілдіру аясында медициналық қызметтердің қолжетімділігі бірнеше бағытта жақсарып отыр. Біріншіден,  диагностика мен емдеу көлемінің ұлғаюы. Қымбат әрі жоғары технологиялы диагностикалық қызметтер – МРТ, КТ, УДЗ, арнайы зертханалық талдаулар сияқты зерттеулердің көбі сақтандыру пакетіне енгізілген. Бұл халықтың ерте диагностика алу мүмкіндігін арттырып, ауруларды асқындырмай анықтауға жағдай жасайды.Екіншіден  алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын көтерілуде. Емханаларда бекітілген халықты қабылдау тәртібі реттеліп, дәрігерге жазылу жүйесі жеңілдетілді. Электронды кезек, мобильді қосымшалар арқылы жазылу, жедел кеңес алу мүмкіндіктері кеңейді. Үшіншіден, жекеменшік клиникалардың белсенді қатысуы қуантуда.  МӘМС қоры жекеменшік медициналық ұйымдармен келісімшарттар санын ұлғайтып, халықтың таңдауы мен мүмкіндігін кеңейтті. Азаматтар енді тек мемлекеттік ғана емес, келісімшарттағы жеке клиникалардан да қызмет ала алады.

    МӘМС жүйесі дамуымен қатар, медициналық ұйымдардың қызметін бақылау да жаңартылуда. Сапаны бағалау жаңа критерийлер бойынша жүргізіліп, тарифтік саясат қайта қаралуда. Ем нәтижесіне қарай төлем жасау тәжірибесі кезең-кезеңімен енгізілуде.Бұл: қызмет сапасын арттыруға, медициналық ұйымдар арасында әділ бәсекелестікті қалыптастыруға, пациенттің мүддесін бірінші орынға қоюға

бағытталған маңызды өзгеріс.

      МӘМС қоры медициналық ұйымдардың есептілігін цифрландыру арқылы ашықтықты күшейтіп, әрбір қызметтің нақты көрсетілгенін тексеруге мүмкіндік беретін жүйелер енгізуде.

    Медициналық сақтандырудың әділ әрі тиімді жұмысы – елдегі қоғамдық денсаулықтың жақсаруы, халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы, емханаларға жүктеменің азаюы және ауруларды ерте анықтау деңгейінің көтерілуіне тікелей әсер етеді.

    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру – еліміздің денсаулық сақтау саласындағы маңызды реформалардың бірі. Әлеуметтік осал топтардың сақтандырумен қамтылуын кеңейту және медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық қадам. Бұл шаралар денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз етіп, әрбір азаматтың уақтылы және сапалы медициналық көмек алуына жаңа мүмкіндіктер ашты.

Шымкентте алғаш рет ашық аспан астындағы мұз айдыны ашылды
Студенттер МӘМС жүйесінде сақтандырылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу