Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақты жүргізіліп келеді

Oinet.kz 02-12-2025 1

Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласының дамуы тек жаңа технологиялар мен медициналық инфрақұрылыммен шектелмейді. Соңғы жылдары мегаполисте ең маңызды бағыттардың бірі – дәрі-дәрмектің тұрақты қоры мен ауруханаларды қажетті препараттармен үздіксіз қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру болып отыр. Бұл әсіресе эпидемиологиялық маусымдарда, созылмалы аурулармен күресте және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуде үлкен рөл атқарады. Шымкент қаласында жыл сайынғы қажеттілікке сәйкес дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тұрақтандыру қоры жасақталады. Қордың негізгі мақсаты – маусымдық сұраныс артқан кезеңдерде немесе нарықтағы баға өсімі байқалғанда қала тұрғындарын қолжетімді препараттармен қамтамасыз ету.

image.png

     Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен «СК-Фармация» ЖШС өкілдері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысын талқылау мақсатында №6 қалалық емханада кездесу өткізді. Басқосуда дәрілік заттарды жеткізу тәртібі, медициналық ұйымдардың қамтамасыз етілу деңгейі және алдағы жылдарға арналған жоспарлар туралы кең көлемді ақпарат берілді.

Кездесу барысында «СК-Фармация» ЖШС-нің Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы Ұлжан Нұғманова қаладағы дәрілік қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде, штаттық режимде жүргізіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір өңірде бірыңғай дистрибьютор арқылы 92 медициналық ұйым қамтамасыз етіледі. Биылға арналған негізгі өтінімдер бойынша қаланың медициналық ұйымдарынан 1 118 атауға сұраныс қабылданып, жыл ішінде қосымша 768 позицияға өтінім түскен.

Стационарлық көмек аясында бірізді дистрибьютор 79 медициналық ұйыммен 18, 94 миллиард  теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу жөнінде келісімшарт жасаған. Ал амбулаториялық деңгейдегі дәрілік қамтамасыз ету бойынша түзетілген өтінімдер 483 атауды қамтиды, бұлардың жалпы құны 15, 94 миллиард теңгеге жетеді.

Ұлжан Қабылмәжитқызының мәлімдеуінше, бүгінде медициналық ұйымдарда амбулаториялық деңгейде тегін рецептпен халықты қамтамасыз ету үшін 15 млрд теңгеден астам дәрілік қор бар, бұл жылдық жоспардың 96 пайызын құрайды. Стационарлық бағытта 18 млрд теңгеден астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізіліп, жоспардың 99 пайызы орындалған.

Бірізді дистрибьютор медициналық ұйымдардағы дәрілік заттардың қалдықтарына тұрақты мониторинг жүргізеді екен. Жаңа пациенттер анықталған жағдайда немесе белгілі бір дәрі бойынша тапшылық туындаса, қажетті препараттарды медициналық ұйымдар арасында, қажет болғанда өңірлер арасында қайта бөлу арқылы жедел қамтамасыз ету шаралары қолданылады. Бұл емдеу процесінің үздіксіз жүруіне мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ ол келер жылға қажетті дәрілік заттар сатып алынып, желтоқсан айында бірізді дистрибьютор қоймаларына жеткізілетінін жеткізді.

Шымкенттегі қалалық және аудандық емханалар дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету бойынша ҚР міндетті әлеуметтік сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жұмыс істейді. Барлық амбулаториялық деңгейдегі тегін препараттар Электронды рецептура жүйесі арқылы беріледі. Бұл жүйе: препараттардың қозғалысын толық бақылауға; жеткізушілердің жауапкершілігін күшейтуге; дәрі тапшылығының алдын алуға;  тұрғындарға дәріні әділ және ашық түрде беруге мүмкіндік береді. Тұрақтандыру қорының күшеюі, емханалардың электронды жүйеге толық қосылуы, стационарлардағы үздіксіз жабдықтау және сапаға бақылаудың күшеюі – медицина ұйымдарының жұмысын айтарлықтай жақсартты. Нәтижесінде мегаполис тұрғындары үшін дәрі-дәрмек қолжетімділігі артып, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмек сапасы жаңа деңгейге көтерілуде.

700 грамм салмақтағы сәби аман қалды
Аппарат отырысында өзекті мәселелер қаралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу