Детейлинг қызметін көрсету арқылы нәпақасын тауып жүргендер көп
Қазіргі экономикалық жағдайда шағын және орта бизнес — тұрақты еңбек, табыс пен әлеуметтік тұрғыда тұрақтылықтың негізі. Сондықтан мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау — экономиканы әртараптандыру, жұмыссыздықты төмендету, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды. Осы мақсатпен Қазақстан Үкіметі 2021 жылы 12 қазанда қабылданған шешіммен 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты — кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістер жасау: шағын бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамтуды арттыру; экономика салаларын әртараптандыру; орта бизнеске сүйену арқылы бизнес субъектілеріне тең жағдай жасау және бәсекелестікті кешенді дамыту.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы аясында 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған шымкенттіктер аз емес. Сондай еңбекқор жанның бірі шымкенттік – Айнұр Төкеева. Ол бизнес жоспарына сәйкес бірнеше оргтехника сатып алып, азаматтарға түрлі бағытта қызмет көрсететін (көшірме, түптеу, басып шығару, электронды қызметтер және т.б.) шағын орталық ашқан. Бүгінде кәсібінің жемісін көріп, ұлғайтып отырған жағдайы бар. «Мұнымен тоқтап қалмақ емеспін. Осы кәсіпті кеңейтіп, бір мезетте бірнеше адамға қызмет көрсететін үлкен орталық ашқым келеді. Бастысы - ниет болу керек. Тәуекел ету, ерінбеу, іздену керек», - дейді кәсіпкер.
Ал Айдос Әбенов болса кәсіп бастауға берілетін қайтарымсыз қаржыға автокөліктерге детейлинг қызметін көрсететін құрал-жабдықтар (арнайы химиялық тазалауға арналған шаңсорғыш, құрғақ тұман, торнадор) сатып алған. Бүгін таңда ол шағын ғана бокста (гараж) көліктерге детейлинг қызметін көрсетіп, табыс тауып отыр. «Кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыдым. Сертификат алдым. Тәуекелге бел буып грантқа өтінім білдірдім. Мақұлдады. Жалпы, грант арманым болып жүрген кәсібімді бастауға көп көмегін тигізді. Өзім сияқты жастарға айтарым, кәсіп бастаңыздар. Мемлекеттің қолдауы бар», - дейді ол. Детейлинг қызметіне деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Көптеген автокөлік иелері өз машиналарының сыртқы келбеті мен салон тазалығына ерекше мән береді. Заманауи адамдар үшін көлік — визиттік карточка, сондықтан олар көліктерін үнемі жаңарған күйде ұстауға тырысады. Осы сұранысты тиімді пайдалана білген кәсіпкер тұрақты табыс көзіне ие болады. Сонымен қатар детейлинг — кәсіби шеберлікке негізделген сала. Егер кәсіпкер сапалы қызмет көрсетіп, әр детальға мән берсе, клиенттер өздігінен көбейеді. Клиенттің сеніміне ие болу — жарнаманың ең тиімді жолы. Тазалығы мінсіз, жылтырап тұрған көлікті көрген басқа адамдар да сол қызметке қызығады. Осылайша ауызша жарнама бизнеске қосымша дем береді.
Былтырғы жылы грантқа ие болғандардың қатарында Айдын Ниязбаева да бар. Жұмыссыз ретінде тіркелген 29 жастағы тұрғынның арманы өз кәсібін ашу болған. Бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланған ару мемлекеттік грантқа үміткер ретінде өтінім беріп, тиісті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде комиссия оның шағын баспа өнімдерін шығаруға арналған бизнес жобасын мақұлдап, көп ұзамай тиісті қаражат тағайындалған. Нәтижесінде баспа қызметіне арналған түрлі-түсті принтер мен ноутбук сатып алған. Бүгінде инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, визиткалар, қызметтік куәліктің жапсырмаларын, алғыс хаттар мен басқа да баспа өнімдерін шығаруда.
Айта кетейік, Ұлттық жобаны әзірлеудің мақсаты - кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету: халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту; экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену; кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар – бәсекелестікті кешенді дамыту болып табылады.


