Шымкенттік фабрика республика нарығын мақта иірім жібімен қамтып отыр

Oinet.kz 02-11-2025 1

 photo.jpg

Арнайы экономикалық аймақтар өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше серпін береді. Мысалы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, фармацевтика, құрылыс материалдары немесе ІТ саласындағы жобалар тәуелсіз түрде даму үшін күрделі шығынды қажет етеді. Арнайы экономикалық аймақтар бұл қажеттілікті азайтып, инновациялық өндірісті дамытудың орталығына айналады. Мұндай аймақтарда жаңа технологиялар енгізіліп, жоғары қосылған құнға ие өнімдер шығарылуы – өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. АЭА-лардың тағы бір маңызды нәтижесі – жұмыс орындарының көбеюі. Өңірлік деңгейде жаңа өндіріс орындарының ашылуы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартады. Жұмыс орындарының пайда болуы мамандарды даярлау жүйесінің дамуына да ықпал етеді: колледждер, оқу орталықтары жаңа мамандықтар енгізіп, еңбек нарығының қажеттіліктеріне бейімделеді. Бұл – өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды қадам.

Үшінші мегаполисте  кәсіпкерліктің, әсіресе  жеңіл өнеркәсіптің  дамуына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ерекше әсерін тигізіп отыр. Мұнда көптеген кәсіпорын ашылған. Соның бірі ретінде 2013 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Бал-текстиль» компаниясының кілем фабрикасын айтуға болады. Аталған серіктестік кілем фабрикасына қоса, 2015 жылы синтетикалық иірім жіп өндірісін де жолға қойды. Бүгінде компанияда 250-ге жуық адам еңбек етіп, жылына 8 млн шаршы метр кілем мен 6 мың тонна синтетикалық иірім жіп өндіреді.

Ал, «Azala Cotton» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан мақта иірім жібін шығаратын елдегі жалғыз фабриканы ашқан. Бұл кәсіпорынға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 7,07 миллиард  теңгені құраған. Кәсіпорын 300-ден астам адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін кардтық және тарамдалған мақта-мата иірім жібін шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімдерінің 90 пайыздан астамы Ресей мен ҚХР нарықтарына экспортталады.

Мақта өңдеу фабрикасы ең алдымен ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Өңірдегі мақта өндіруші шаруалар өнімін тікелей өткізу мүмкіндігіне ие болып, тұрақты нарыққа қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, шаруалардың табысын арттырады. Ал фабрикаға жеткізілетін шикізаттың молдығы өндірістің үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді. Фабриканың эконoмикaлық маңызы жоғары. Иірім жіп – жеңіл өнеркәсіптің негізгі шикізаты. Бұл өнімнен кейін мата, тоқыма бұйымдары, киім-кешек, тұрмыстық текстиль және экспортқа бағытталған тауарлар шығарылады. Яғни бір ғана иірім жіп фабрикасының жұмысы бірнеше саланы қатар дамытады. Осылайша өңірдің өндірістік құрылымы кеңейіп, экономиканың әртараптану деңгейі артады. Мақта иірім жібін шығаратын фабрикалардың тағы бір маңызды рөлі – жаңа жұмыс орындары. Мұндай кәсіпорындарда технологиялық желілерді басқару, өнімді сұрыптау, зертханалық бақылау, логистика сияқты көптеген бағыттағы қызметкерлер жұмыс істейді. Бұл жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жастардың өз өңірінде жұмыс табуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын жанында кадрларды даярлайтын оқу курстары ашылып, мамандар даярлау ісі жанданады.

Компания бүгінде қолданыстағы өндіріспен қатар синтетика аралас иірілген жіп шығаратын цех салуды қолға алған. Жаңа өндірістік желіні іске қосу өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Шымкенттің жеңіл өнеркәсіп саласында табысты жұмыс істеп келе жатқанда компаниялардың тағы бірі – «Azala Textile» ЖШС. Бұл кәсіпорын жіптен иіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі бар фабрика ашқан. Онда жылына 2,8 мың тонна иірім жіп пен 14 миллион метр қатты матадан дайындалатын тоқыма бұйымдары шығарылады. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын маталар, түкті және вафельді сүлгілер, жаймалар, төсек-орын жабдықтарын, жастық-көрпе тыстары мен балаларға арналған тоқыма бұйымдарды нарыққа шығарып отыр.

Шымкентте өндірілген тауарларға сұраныс мол
Детейлинг қызметін көрсету арқылы нәпақасын тауып жүргендер көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу