Шымкентте өндірілген тауарларға сұраныс мол
Қазіргі әлемдік экономикада өңірлік дамуды жеделдетудің тиімді тетіктерінің бірі – арнайы экономикалық аймақтар (АЭА). АЭА – кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында инфрақұрылымы дайын, салықтық және кедендік жеңілдіктері бар аумақ. Мұндай аймақтар инвесторларды тарту, өндірісті әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру үшін құрылады. Өңірлердегі АЭА-лардың табысты жұмыс істеуі елдің жалпы экономикалық қуатын күшейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Арнайы экономикалық аймақтардың ең үлкен артықшылығы – инвестиция тартудағы тиімділігі. Инфрақұрылымы алдын ала дайындалған аумақ инвесторға тәуекелді азайтады, ал салықтық жеңілдіктер қаржылық жүктемені төмендетеді. Нәтижесінде өңірге ірі компаниялар келіп, жаңа зауыттар, өндірістік кешендер салынады. Бұл – өңірдің бюджетін ұлғайтып қана қоймай, жалпы экономикалық белсенділікті жандандыратын маңызды фактор.
Осы орайда Шымкенттің экономикасы мен кәсіпкерлік саласын өрге сүйреп келе жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Хлопкопромцеллюлоза» атты компания жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы мақта целлюлозасының, карбоксиметилцеллюлозаның және полианионды целлюлозаның жалғыз өндірушісі.
2010 жылдан бастап жүзеге аса бастаған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 4 миллиард 480 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна мақта целлюлозасын, 6 мың тонна карбоксиметилцеллюлозаны және полианионды целлюлозаны өндіруге жетеді.
Айта кету керек, компанияның өнімдері Ресейге және өзге де ТМД елдеріне сәтті экспортталады және оқ-дәрі өндірісі, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика, сондай-ақ құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруде кеңінен қолданылады.
Мұнан бөлек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «QAGAZ Ordasy SEZ» жауапкершілігі шекутеулі серіктестігі де жұмыс істеп жатыр. Бұл – Оңтүстік өңірдегі А3, А4 форматтарындағы кеңсе қағазын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өндірістік қуаты жылына А4 кеңсе қағазының 3 миллион бумасын және А3 кеңсе қағазының 360 мың бумасын шығаруға жетеді. Бұл қағаздарда сұраныс көп.
Ал, «АГФ Групп» ӨК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аты әлемге әйгілі «IKEA» сауда белгісінің Қазақстандағы ең ірі серіктесі. 2021 жылы кәсіпорын қосымша тігін цехын салып, өндіріс ауқымын кеңейтті. Аталған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 751 миллион теңгені құрайды. Жаңа кәсіпорында 235 жұмыс орны құрылған. Осылайша зауыт жылына 20 млн дана тоқыма бұйымдарын шығаратын деңгейге көтеріліп отыр.
Қазақстандағы жалғыз шұлық фабрикасы да осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Оны «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан. Аталған фабриканы ашу үшін компания 1 милиард 800 миллион теңге инвестиция құйған. Бұл фабрикада бүгінде 150 адам талмай еңбек етіп, жоғары технологиялы өндірістік жабдықтар мен толық автоматтандырылған өндірістік циклдың арқасында жылына 16 миллион жұп шұлық тоқып, сатып жатыр.
Өңірдегі арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы – жергілікті экономиканы дамытудың маңызды құралы. Ол өңірдің өндірістік әлеуетін арттырады, жаңа жұмыс орындарын құрады, инвестиция тартады және инфрақұрылымды жаңғыртады. АЭА-лар тиімді басқарылған жағдайда өңірдің ғана емес, елдің де экономикалық дамуына зор үлес қосады. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтарды дамыту – болашақтың берік экономикалық негізін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық шешім.


