Кәсіп үйреніп, өз ісін дөңгелетіп жатқан көпбалалы аналар саны артуда

Қоғамның даму деңгейі тек экономикалық көрсеткіштермен емес, әлеуметтік әл-ауқатпен, отбасы институтына көрсетілген қолдаумен де өлшенеді. Әсіресе көпбалалы аналарға жасалатын жағдай — мемлекеттің болашаққа деген көзқарасының айқын көрінісі. Себебі көпбалалы отбасы – елдің демографиялық әлеуетін арттыратын негізгі тірек. Сондықтан бұл санаттағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту – мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды міндет.
Шымкент қаласында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты жанұя» әлеуметтік орталығы бар екендігі белгілі. Аталған орталықтың көмегімен қаншама мұқтаж жан өмірге бағыт-бағдар алған. 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық көп балалы, аз қамтылған, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қызмет көрсетіп келеді. Көптеген аналар осы жерден қажетті білімді алып, өз жұмысын жандандырып жатыр.
«Кәсіп бастағысы келген жандарға тегін тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстары ашылған. Егер аналарды бизнесті қалай және неден бастау қажеттігін білмесе және отбасы тақырыптарында өзге де сауалдар мазаласа, біздің орталыққа жүгінуіне болады, – дейді аталған орталықтың басшысы Абибулла Қалымбетов.
Орталық жетекшісі тілге тиек еткендей, атаулы әлеуметтік көмекке тәуелді болмай, көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына арналған тегін курстар мен бизнес бастау үшін грант ұтып алу мүмкіндігі талай жанға үміт сыйлаған. Орталықта тегін білім алып, алғашқы қолдаудың нәтижесінде өз кәсібін өрге дөңгелеткендердің қатары аз емес. Солардың бірі – Гүлбану Тойшиева SMM курсы бойынша білім алып, бүгінде отбасылық кәсібін дамытқан. Ол әлеуметтік желі арқылы әйелдерге арналған сөмке сатып, ұялы телефонын тиімді қолданып отыр. Алдағы уақытта орталық ұсынған өзге де оқу курстарын меңгеріп, кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздейді.
– Көп жылдан бері бала тәрбиесімен үйде отырдым. «Бақытты жанұя» орталығына келіп, жаңа кәсіп үйрендім. Бүгінгі таңда аталған мамандық қоғамда үлкен сұранысқа ие. Мәселен, әлеуметтік желі ақпаратқа толы. Ұялы телефонды керексіз дүниелерге емес, отбасым үшін пайдалы кәсіпке қолданып жүргеніме қуаныштымын. Қазір осы орталықтың кондитер оқу курсында білімімді жалғастырып жатырмын. Алдағы уақытта оны да кәсіпке айналдыруға ниеттеніп отырмын, – дейді ол.
Кәсіп үйренуге мүмкіндік беретін курстар мен мемлекеттік бағдарламалар да аналардың өмірін жеңілдетуде үлкен рөл атқарады. Қысқа мерзімді кәсіби курстар арқылы әйелдер қажетті дағдыларды меңгеріп, өз ісін бастауға жол ашады. Бұл – тек кәсіби даму ғана емес, болашаққа деген сенімді қадам. Мемлекет тарапынан көрсетілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер де аналардың бастамаларын нақты қолдап, олардың табысқа жетуіне серпін береді.
Орталық мамандары өміріне шағым айтып келген жандардың көңілін аулап, санасын серпілтуге мән береді. Кәсіби психологтар, тіпті тіршіліктен баз кешкен аналарға моральдық демеу беріп, жан-жақты қолдау көрсеткен. Олардың ішінде орталық көмегімен жеке бизнесін бастап, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізгендер де бар.
Осылайша кәсіп меңгерген аналар жергілікті қоғамдастықтың дамуына да үлес қосады. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді. Әйелдердің бизнес жүргізуі отбасы мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, бір-біріне көмектесу, бір-бірін қолдау мәдениетін қалыптастырады. Қорытындылай айтқанда, кәсіп үйреніп, тұрмысын өз күшімен қамтамасыз етіп отырған аналар — елдің әлеуметтік-экономикалық тірегі. Олар еңбекқорлығы, жігері мен табандылығы арқылы тек өзінің ғана емес, қоғамның да дамуына үлес қосуда. Мұндай аналарды қолдау — болашақтың берік, бақытты, әлеуметтік тұрақты қоғамын қалыптастырудың негізгі жолы.


