Шымкентте 2 мың-ға жуық жұмыс орны ұсынылды
Шымкентте еңбек нарығын қолдау және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бүгін Көрме орталығында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға мыңдаған қала тұрғыны қатысты.

Олар өңірдегі ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің ұсынған жаңа жұмыс мүмкіндіктерін көріп, еңбек нарығындағы өзге жаңалықтармен танысты.
Жәрмеңкеге 100-ден астам компания мен ұйым қатысып, өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда 2 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Қатысушыларға жалақы мөлшері, әлеуметтік пакет, еңбек шарттары мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет берілді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жәрмеңке аумағын аралап, жұмыс берушілермен пікір алмасты. Әкімнің айтуынша, мұндай іс-шаралар жұмыссыз азаматтарға нақты жол көрсетіп қана қоймай, олардың еңбек қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға да мүмкіндік береді. «Бос жұмыс орындары туралы ақпарат ашық түрде ұсынылуы тұрғындарды еңбек нарығына тартудың тиімді әдісі. Сонымен қатар, бұл шаралар экономикалық белсенділікті арттырып, шаһардың дамуына үлес қосады», – деді қала басшысы.
Жәрмеңкеде Еңбек мобильділігі орталығы арнайы кеңес беру алаңын ұйымдастырды. Мұнда 227 мекеменің 1 500-ден астам бос жұмыс орны таныстырылып, қатысушыларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, кәсіби бағдар және жұмысқа орналасу жолдары туралы кеңестер берілді.
Сонымен қатар, жұмыс іздеушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасын пайдалану бойынша практикалық дағдылар алды. Мамандар онлайн резюме толтыру, вакансияларды сүзгіден өткізу, жұмыс берушімен тікелей байланыс орнату жолдарын көрсетті. Бұл шара қатысушыларға заманауи еңбек нарығында өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға көмектесті.
Жәрмеңкеге Шымкент пен өңірдің ірі компаниялары белсенді қатысты. «Altyn Land», «Фиркан», «OKS Group», «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Алтын-Дан», «Marvik Partners», «Wan Sheng Ceramic», «Karlskrona», «Rixos Khadisha Shymkent» және басқа да ұйымдар тұрғындарға ашық жұмыс орындарын ұсынды. Бірқатар азамат сол жерде сұхбаттасудан өтіп, алғашқы іріктеуге жолдама алды.
Осылайша, жәрмеңке еңбек нарығын қолдаудың, кәсіби дайындықты арттырудың және тұрғындарды жұмысқа орналастырудың тиімді алаңына айналды. Қала билігі мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізу арқылы Шымкенттегі экономикалық белсенділікті арттырып, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ұмтылуда.


