Шымкентте жыл соңына дейін 31 көпқабатты үй пайдалануға беріледі

Oinet.kz 19-11-2025 3

Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы ірі жобалар биыл да жалғасуда. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының мәлімдеуінше, жыл соңына дейін 31 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған қала тұрғыны өз пәтеріне қол жеткізбек.

Screenshot_26.jpg

Мемлекет басшысының тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, қаладағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Шымкентте 57 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп, жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтер салынып жатыр. Оның ішінде жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланған 31 үйде 2 412 пәтер болады.

Қалада құрылыс жұмыстары қазірдің өзінде нақты нәтижелер беріп отыр. 972 пәтерлі 12 көпқабатты үй толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Оның ішінде Ақжайық шағынауданында бес үй, ал Бозарық шағынауданында жеті үй тұрғындарға берілді. Қалған 19 үйдің құрылысы да жоспарға сай жүргізілуде және жыл соңына дейін толықтай аяқталмақ.

Берілетін жаңа пәтерлер «Отбасы банкі» арқылы кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде 89 678 адам тіркелген. Олардың ішінде 1 780 адам – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 17 842 – көпбалалы отбасылар, ал 11 286 – толық емес отбасылар. Жаңа үйлер осы санаттағы азаматтардың өмір сапасын арттырып, баспанамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, жаңа көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізу тек тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге ғана емес, шаһар инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға да септігін тигізеді. Бұл жобалар тұрғындар үшін жайлы және заманауи тұрғын үй ортасын қалыптастырып, қала дамуына серпін беріп отыр. Жаңа үйлер пайдалануға берілген кезде көптеген отбасылар өз пәтерлеріне қоныс аударады, бұл өз кезегінде қаладағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға жол ашады.

Қаладағы құрылыс жобаларының нәтижесі – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік осал топтарды қолдау және Шымкенттің заманауи қала ретінде дамуын қамтамасыз ету. Жыл соңына дейінгі жаңа 31 үйдің пайдалануға берілуі қаланың тұрғындары үшін үлкен қуаныш болып, Шымкенттің тұрғын үй мәселесін шешудегі маңызды қадамдардың бірі саналады.

Шаһарда газдан улану қауіптеріне қарсы профилактикалық шаралар күшейтілуде
Тәртіпті қала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу