Шаһарда газдан улану қауіптеріне қарсы профилактикалық шаралар күшейтілуде
Шымкент қаласында табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы қалада газдан улану фактілерін талдау нәтижесінде прокуратурамен бірлесіп арнайы жұмыс алгоритмі әзірленіп, тәуекелді аудандар анықталды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек бүгінгі брифингте хабарлады.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» коммуналдық мекемесі қауіпті деп танылған аймақтарда профилактикалық іс-шараларды жүргізуде. Атап айтқанда, қызыл аймаққа кіретін «Самал 3», «Ақжайық», «Нұрсәт», «Күншығыс», «Қайтпас», «8» және «Спорт» шағын аудандарында, сондай-ақ тәуекелді аймаққа енген «Самал 1, 2», «11 шағын аудан», «Сайрам», «17 шағын аудан», «Көксай», «Қызылжар», «112 орам», «5 шағын аудан», «Қарасу» шағын аудандарында газ жүйелерін тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Мекеме мамандары тұрғындарға газ қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратты. Ақауы анықталған 810 абоненттің газы уақытша ажыратылып, 371 абонентке қызмет қалпына келтірілгеннен кейін қайта қосылды. Қазіргі уақытта 1 794 үйде профилактикалық тексерулер жалғасуда.
Сонымен қатар, газды дұрыс пайдаланбау жағдайлары үшін биыл 84 адамға 1 209 090 теңге, ал 15 адамға қосымша 383 370 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, газдан улану оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Сәрсен Абайұлы тұрғындарға газды пайдаланудағы негізгі қауіпсіздік талаптарын еске салды. Оның айтуынша, газ жүйелерін және жабдықтарын мерзімді тексеріп, техникалық қызмет көрсету шарттарын орындау өте маңызды. Газ плитасын жылыту құралы ретінде қолдану, желдетуді қамтамасыз етпеу немесе бөтен газ иісін байқамау қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Егер газ иісі сезілсе, дереу «104» нөміріне хабарласу қажет.
Қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтаудың артықшылығы жазатайым оқиғаларды болдырмау, әр отбасының амандығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, газ жабдықтарын пайдалану талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Жеке тұлғаларға бұл 7 АЕК көлемінде айыппұл. Мамандар тұрғындарды сақтыққа шақырып, қарапайым ережелерді орындау арқылы газдан улану мен басқа да қауіптерден қорғануға болатынын ескертті.


