Жедел жәрдемге жаңа жүйе

Oinet.kz 19-11-2025 2

Шымкент қаласында медициналық қызмет сапасын арттыру және жедел жәрдем мамандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа пилоттық жобалар іске қосылуда. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, дәрігерлер мен фельдшерлердің қауіпсіздігі мен кәсіби деңгейін арттыру басты назарда тұр.

Screenshot_24.jpg

Бүгінгі таңда жедел жәрдем бригадалары бейнежетондармен жабдықтала бастады. Бұл құрылғы қызметкердің киіміне бекітіліп, жұмыс барысында үздіксіз бейне және аудио жазба жүргізеді. Жазбалар арнайы қорғалған серверге жіберіліп, медициналық қызметкерлердің өздері оны өзгерте алмайды. Материалдар тек жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан қызметтік мақсатта, соның ішінде мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және қызмет сапасын бақылау үшін пайдаланылады.

Бейнежетонда SOS батырмасы да бар. Төтенше жағдайда ол сигнал жіберіп, диспетчер бригаданы жедел қолдауға бағыттай алады. Қаладағы қазіргі таңда 115 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, оның ішінде 28 дәрігерлік және 87 фельдшерлік. Пилоттық жобаны алдымен осы құрамда сынақтан өткізіп, тиімділігі дәлелденсе, бейнежетондар барлық бригадаларға кезең-кезеңімен енгізіледі. Мамандар бұл бастаманың медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, шұғыл көмек көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Медициналық білім саласында да маңызды қадамдар жасалып отыр.  Шымкент қаласының №7 қалалық емханасында балаларға арналған УДЗ-диагностика бойынша халықаралық деңгейдегі мастер-класс өтеді. Іс-шара Қазақстандағы ультрадыбыстық диагностика мамандары қауымдастығының басшысы, м.ғ.к., доцент Қ.Т.Кулаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр.

Мастер-класстың басты мақсаты  дәрігерлер арасында тәжірибе алмасу және кәсіби әлеуетті арттыру. Екі күндік семинар барысында қатысушылар нақты науқастарға тексеру жүргізіп, өз тәжірибесін халықаралық деңгейдегі мамандармен салыстырады. Оқу бағдарламасы балалардағы бауыр, асқазан және ұйқы безі патологияларын УДЗ арқылы анықтау тақырыбына бағытталған. Сабақты Ресейдің жетекші мамандарының бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Михаил Пыков жүргізеді.

Мастер-класс дәрігерлерге балалардың асқазан-ішек жүйесіндегі ауруларды ультрадыбыстық зерттеу арқылы бағалаудың заманауи әдістерін меңгеруге, практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Қаладағы медицина мамандары үшін бұл кәсіби деңгейді арттырып, балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.

Шымкент қаласында енгізіліп жатқан жаңа жобалар мен халықаралық деңгейдегі тәжірибелік семинарлар медицина саласының дамуын күшейтіп, тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге жол ашып отыр.

Шымкентте білім сапасын жетілдіруге бағытталған жаңа жобалар жолға қойылды
Шаһарда газдан улану қауіптеріне қарсы профилактикалық шаралар күшейтілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу