Шымкентте жылумен қамту жұмыстары уақытылы және жүйелі жүргізілуде

Oinet.kz 21-11-2025 8

Шымкент қаласы аумағында 838,6 км жылу құбырлары бар, оның ішінде 152 км магистралдық және 686,6 км ішкі орамдық жүйелерді құрайды. 

Screenshot_30.jpg

Мамандардың хабарлауынша, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37 пайызды құрайды, бұл 2024 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда тұрақты деңгейде.

Шымкент қаласының 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары ағымдағы жылдың 20 қазанында толық аяқталған. Қалалық әкімдіктің 31 қазандағы №59-ө өкіміне сәйкес, жылыту маусымы 1 қарашадан басталды. «Қуатжылуорталық-3» МКК мамандары мен «3-Энергоорталық» АҚ келісілген кестеге сәйкес, 1 қазаннан бастап магистралдық және ішкі орамдық жылу желілері химиялық тазаланған 40℃ сумен толтырылып, жұмыстар 20 қазанда аяқталған. Қазіргі таңда қаланың 27 дербес қазандықтарынан және «3-Энергоорталық» АҚ-нан ауа райына сәйкес жылу берілуі тұрақты қамтамасыз етілуде.

Мамандардың мәліметінше, бірінші кезекте бюджеттік мекемелер – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, жұмыспен қамту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары жылу қуатына қосылды. Сонымен қатар, қаланың Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандарының тұрғын үйлері жылу жүйесіне қосылды. Негізгі жылу жеткізуші «3-Энергоорталық» АҚ табиғи газды пайдаланады, резервтік отын ретінде мазут қоймада 10 661 тонна мөлшерінде қордаланған.

Жылу қуатына қосылу кезінде кейбір тұрғын үйлерде ақаулар туындаған. Мамандардың хабарлауынша, бұл ақаулар аудан әкімдіктері мен «Қуатжылуорталық-3» МКК мамандары тарапынан жедел қалпына келтіріліп, жылу жүйесіне қайта қосылған. Қаланың жылу жүйелерінде тұтынушылардың ішкі жүйелеріндегі келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қуатжылуорталық-3» МКК тәулік бойы диспетчерлік қызметті қамтамасыз етуде.  Жылу маусымынан бастап 11 ақау тіркелген, олардың барлығы бірнеше сағаттан бір күн аралығында жөнделуде.

Қазіргі таңда Шымкенттегі 2 154 көпқабатты тұрғын үйдің тек біреуі – Байтұрсынов көшесі №10 үй жылуға қосылмаған. Мамандардың айтуынша, ол жұмыс Әл-Фараби ауданы әкімдігі мен тұрғындардың қатысуымен жүргізіліп, 11–12 қараша аралығында қалпына келтіріледі. Қаланың 476 бюджеттік мекемелері жылу қуатына толық қосылған.

Қаланың көмірге қажеттілігі 23,3 мың тонна болса, толық қамтамасыз етілген. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге және дербес қазандықтарға қажетті 4,8 мың тонна көмір жеткізілген. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 18,5 мың тонна болса, барлығы толық сатып алынған. «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының мәліметінше, мамыр айынан бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласына 120,1 мың тонна көмір тасымалданған. Қаланың алты темір жол тұйығында алты өңірлік көмір операторы – «Азамат Мунай» ЖШС, «Vip-M» ЖШС, «Экзинит» ЖШС, «ГранСбытКомир-М» ЖШС, «Санас» ЖШС, «BEST» ЖШС – жұмыс істеп, қоймаларда 15,7 мың тонна көмір қордаланған. Мамандардың хабарлауынша, биржалық көмір саудасында өзекті мәселелер туындамаған.

Жалпы, мамандардың пікірі бойынша, Шымкент қаласында жылумен қамту жұмыстары уақытылы жүргізіліп, тұрғындар мен бюджеттік мекемелердің жылу қажеттіліктері толық қамтамасыз етілуде. Бұл – қала тұрғындарының қыстың суық күндерінде жылу мен жайлы ортаны сақтауға бағытталған жүйелі жұмыс екені анық байқалады.

Табиғи газбен қамту деңгейі артып келеді
Шымкентте тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу