Шымкентте тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейді

Oinet.kz 19-11-2025 2

Шымкент қаласында биыл тұрмыстық өрттердің алдын алу бағытында бұрын-соңды болмаған көлемді профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, 2025 жылдың басынан бері мамандар тұрғын үйлерді аралау қарқынын айтарлықтай күшейткен. 

Screenshot_21.jpg

Нәтижесінде 112 мыңнан астам үйге барып, 312 мыңға жуық тұрғынмен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 10 пайыздан астам жоғары.

Тұрғындармен кездесулер мен нұсқаулықтар да жүйелі түрде өтіп келеді. Биыл қала аумағында 345 жиын ұйымдастырылып, оған 15 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар, 314 нұсқаулық барысында 10 мыңға жуық азамат өрт қауіпсіздігі талаптарымен таныстырылды. Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты  әр отбасының үйінде қандай қауіп бар екенін түсіндіру және күнделікті тұрмыста жиі қайталанатын қателіктердің алдын алу.

Өрт қауіпсіздігі тақырыбы мектептерде де кеңінен насихатталуда. 422 білім беру мекемесінде 455 ашық сабақ өткізіліп, 10 мыңнан аса оқушыға өрттің шығу себептері, одан қорғану жолдары және шұғыл эвакуация ережелері түсіндірілген. Оқушыларға тәжірибелік тапсырмалар беріліп, арнайы бейнематериалдар көрсетілген.

Қаладағы ақпараттық жұмыс та күшейе түсті. Биыл бұқаралық ақпарат құралдарында 1 698 материал жарық көрген. Оның ішінде газеттер мен сайттардағы мақалалар, телеарналардағы сюжеттер және әлеуметтік желідегі түсіндірме роликтер бар. Төтенше жағдай қызметі бұл жұмыстың тұрғындардың сауаттылығын арттыруға үлкен әсер етіп отырғанын атап өтеді.

Қоғамдық орындарда да түсіндіру жиілеген. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында 38 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, бизнес өкілдеріне өндіріс орындарындағы және сауда нысандарындағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілген. Ал қаладағы БАҚ өкілдерімен 11 брифинг өткізіліп, мамандар өрт жағдайы бойынша соңғы деректермен бөліскен.

Жылыту маусымы қарсаңында басталған «Өрт қауіпсіздігі айлығы» кезінде 15 мыңнан аса жеке тұрғын үй тексерілді. Әлеуметтік осал отбасыларға ерекше көңіл бөлініп, 1 073 үйге арнайы мамандар барып, қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Уланудың алдын алу мақсатында 100 газ датчигі орнатылып, 40-тан астам үйде мұржалар тазартылды.

Ақпараттық-буклет тарату жұмысы да біршама кеңейіп, қала тұрғындарына 15 960 жадынама таратылған. Сонымен бірге, аула алаңдарында 154 кездесу өткізіліп, 2 332 тұрғын қамтылды. Оқу орындарында 49 интерактивті сабақ, ал тұрғын аудандарда дауыс зорайтқыш арқылы 142 рет үндеу жасалды.

Осы кешенді шаралардың барлығы  қаладағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мамандардың айтуынша, өрттің алдын алуда басты рөл мемлекеттік құрылымдарда емес, әр азаматтың өз жауапкершілігінде. Сондықтан қала тұрғындары сақтық ережелерін қатаң ұстанып, тұрмыстағы қарапайым талаптарды орындауы тиіс.

Шымкентте жылумен қамту жұмыстары уақытылы және жүйелі жүргізілуде
Хызыр мұнарасы жаңғыртылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу