Ұмытылған ұлттық ас «Өрме төстік» қалай» дайындалады?
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Салт-дәстүр және әдет-ғұрыпт орталығы ұйымдастырған гастрономиялық фестивалде қазақ халқының ұмытылған ұлттық тағамдары келушілер назарына ұсынылды.

«Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өткен гастрономиялық фестивальдің басты ерекшелігі – бүгінде дастарқаннан сирек кездесетін, ұмыт болған салттық тағамдардың қайта жаңғыруы болды, - деп атап өтті орталықтың ғылыми қызметкері Ляззат Қадырбек.
– Біз қала тұрғындары мен қонақтарының ұмыт қалған үлпершек, өрме төстік сынды тағамдарды еске алуын қаладық. Бұрын бұл тағамдар ерекше салттық мәнге ие болғанымен, уақыт өте ұмытылып, бүгінде оны әзірлей алатындар апа-әжелеріміз, жеңгелеріміз аз қалды. Алайда біз бұл дәстүрді әлі де жалғастырып келе жатқан отбасын таптық», – деді Ляззат Қадырбек.
Ұлттық тағамдар шебері Нағима Жарылқасымова «өрме төстік» тағамын жасап келген. Ерекше ас келушілердің назарын өзіне аудармай қоймады. Нағима Жарылқасымова ұлттық тағамды дайындаудың құпиясы мен маңызын көпшілікпен бөлісті.
– Өрме төстік – күйеу балаға деген құрмет пен ізетті білдіретін ұлттық тағам. Негізгі құрамдас бөлігі – қойдың төсі. Ерекшелігі – төсті тұз, бұрыш, сарымсақпен маринадтап, рулет тәрізді орап, сыртын қойдың ішегінен өрілген өрнекті тормен қаптайды. Бұл – көп еңбек пен шеберлікті қажет ететін процесс. Дегенмен, өрілген тор тағамға ерекше көрік пен қайталанбас дәм береді», – деп атап өтті Нәгима Жарылқасымова.
Өрметөс - күйеу бала қонаққа келгенде ұсынылатын тағам қазір қарапайымданып кеткен. Қазір қой сойғанда оның ішек-құрылысын тастай салады. Олардың өте пайдалы екенін ескере бермейді. Өрметөс – қой төсінен жасалатын тағам. Оны екіге айырып, екі шетін өру арқылы құс қанатына ұқсас қылып жасайды. Бұл күйеу балаға “қанатың талмасын!” деген тілектестікті білдіреді. Одан өзге өрметөс ерекше түрде дастарханға сән келтіріп тұрады
Қазақтың ұлттық тағамдарын өзге елге танытсақ, сұранысқа ие болтыны - сөзсіз. Алайда, бұндай ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық тағамдарымыз өте көп. Дәстүрлерімізді жандандыра жас ұрпаққа мұра қалдырудың іргетасы. Ұлтымыздың халықтық дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдері тек мәдени байлық қана емес, ұлттық бірегейліктің беріктігін сақтаушы рухани тірек болып табылады. Бұл жазылмаған ережелер мен ұрпақтан ұрпаққа берілген салт-дәстүрлерде аталарымыздың даналығы мен ұрпақтар арасындағы рухани байланыс жатыр. Алайда қазіргі заманның қарқынды ырғағы мен жаһандану процестері салдарынан күнделікті мәдениет пен ас үйге байланысты бірқатар ерекше рәсімдер жоғалып бара жатыр. Бірақ осы мұраны сақтап қалуға ұмтылған жандар бар. Сондықтан гастрономиялық фестиваль ұлттық мәдениетіміздің жаңғыруына, дәстүрлеріміздің ұрпақтан ұрпаққа берілуіне үлкен үлес қосуда.


