Гастраномиялық фестивалде ұлттық тағамның дайындау тәсілімен бөлісті

Oinet.kz 09-11-2025 6

Тары мен талқан – қазақтың ұлттық асханасының ерекше тағамдары. Тары дәнінен дайындалатын бұл өнімдер дәстүрлі қазақ өмірінде маңызды орын алады.

Screenshot_19.jpg

Тары – денсаулыққа пайдалы, табиғи өнім, ал талқан – ұнтақталған тарының ерекше түрі, ол дәрумендерге бай әрі жеңіл сіңіріледі. Қазақтың дастарханында тары мен талқан мерекеде ғана емес, күнделікті тұтынуда дайындалу жолы ұмытылып кетпей  ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Заман талабындағы кондитерлік бағыттағы жаңашылдықтарға қарай жент түрлі пішімде жасалып, тұтынушылардың қызығушылығын арттыруда. 

Шымкент қаласындағы «Көркем әжелер» шығармашылық тобының мүшесі Мадина Машарипова Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өткен гастрономиялық фестивальде жент дайындау құпиясымен бөлісті.  

–Жент — өте тойымды тағам. Талқан дайын болғанға дейін ол бірнеше процестерден өтеді. Тарыны қуырады да, келіде ұнтақтайды. Оған қант, сары май немесе қаймақ қосылады. Дайын масса біркелкі болғанша араластырылады да, десерт пішінінде қалыптастырылады. Жентті шаймен бірге, жаңа немесе кептірілген күйінде жеуге болады. Бұрын ер адамдар сапарға аттанғанда, оларға жент дайындап беретін. Ол аз орын алады, тойымды әрі бірнеше ай сақталуы мүмкін. Ораза кезінде де жент көмектеседі — күні бойы тоқ етеді», — деп бөлісті Мадина Машарипова.

Мадина Машарипованың айтуынша, тары мен талқан – қазақтың ұлттық асханасының дәстүрлі әрі ерекше тағамдары. Тары – азықтық құндылығы жоғары дәнді дақыл, ал талқан – оның ұнтақталған түрі. Бұл тағамдар ғасырлар бойы қазақ халқының күнделікті тамағы болып қана қоймай, денсаулықтың символы ретінде де бағаланған. Тары мен талқан дәрумендерге бай, энергия көздері ретінде балалар мен үлкендерге ерекше пайдалы. Қазақтың салт-дәстүрлерінде де маңызды орын алатын бұл тағамдар ұлттық мәдениетті сақтаудың бір бөлшегі болып табылады.

Женттің дайындалу тәсілі мен қосылатын өнімдерге байланысты бірнеше түрге бөлінеді екен. Қазыжент  – бұл жент түрі сөкке жылқының қазысын, қант пен ірімшік қосу арқылы дайындалады. Егер 1–1,5 кг сөк пайдаланылса, оған 4 стақан ірімшік пен 2 стақан қазы майы араластырылады. Қазының еті мен майының иісі жентке ерекше дәм береді.

Жанышпа – жарты келі сөкке 50–70 г сарымай, 50 г қант қосылып, жақсылап жаншылады. Кейін үстіне 3 ас қасық қаймақ қосылып, қайта араластырылады. Бұл түрі шай дастарханына ерекше дәм беретін тәтті тағам ретінде әзірленеді.  Жанышпаны талқанға ірімшік, бауырсақтың үгіндісі, бал, қант немесе түрлі жемістер қосу арқылы да түрлендіріп дайындауға болады.

Сүтжент  – сүтте бұқтырылған сөкке сарымай, қант, мейіз, қытырлақ нан мен қаймақ қосылып дайындалады. Бұл жент түрі жұмсақ әрі тәттілігімен ерекшеленеді.

Жент – қазақтың қонақжайлығын, дастарқан байлығын көрсететін ұлттық тағам. Оның әр түрі дәстүр мен дәмнің үйлесімін көрсетіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Ұмытылған ұлттық ас «Өрме төстік» қалай» дайындалады?
Пневматикалық резеңке шиналар өндірісі 4,6 есе өсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу