Шымкентте 60 жылдық археологиялық жәдігерлер сақталған орталық бар

Oinet.kz 09-11-2025 5

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Археология орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық — еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, жас зерттеушілерді дайындау және өңір тарихын кеңінен насихаттау мақсатында құрылған маңызды ғылыми мекеме.

Screenshot_17.jpg

Археология орталығы Оңтүстік өңірдегі ежелгі қалалар мен мәдени ескерткіштерді зерттеу арқылы ұлттық тарихқа тың деректер қосып келеді.

Белгілі тарихшы Николай Подушкиннің бастамасымен 1964 жылы ШПИ-дің археология отряды құрылған. Ал, 2007 жылдан бастап университетіміздің фойесінде арнайы көрме жасақталды. Көрменің шыны сөресіндегі жәдігерлер студенттерге, ұстаздар мен абитуриенттерге, қарапайым қала тұрғындарына қол жетімді. Мұнда соңғы 61 жылда еліміздің оңтүстігінен табылған жәдігерлер бар. Түркістан облысы аумағындағы археологиялық ескерткіштерді кең көлемде республикалық, аудандық және ауыл тұрғындарына насихаттайды. 

Жәдігерлер тас ғасырынан қарахан кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Қыш ыдыстар, қару-жарақ, әшекей бұйымдар сол заман адамдарының рухани дүниетанымының кеңдігімен ерекшеленген. Мұндағы жәдігерлер республикалық музей экспозициясындағы бұйымдардан кем емес. Жылда көрме витринасына өзгерістер енгізіледі және жәдігер қатары жаңарып, толығып отырады. Оңтүстіктегі оқу орындары ішінде мұндай көрме-витрина әзірге жалғыз біздің университетте жасақталған. 

Университет жанынан құрылған Археология орталығының негізгі мақсаты қазба жұмыстарын жүргізу, студенттерді далалық қазба жұмыстарына баулу және қазбашыларды дайындап шығару. Олардың қатарында айналар, қыш ыдыстар, ұршықбастар, тигельдер, тастан жасалған еңбек құралдары бар. Орталық жетекшісі Александр Подушкин лабораториялық жұмыстардың қалай жүргізілетіні туралы ақпарат берді.

Орталық 2004 жылдан бері Түркістан, Отырар, Сайрам, Шымкент маңындағы көне қалашықтар мен ескерткіштерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген тарихи артефактілерді ғылыми айналымға енгізіп келеді. Сонымен қатар студенттер мен жас ғалымдарға далалық археологиялық практика өткізу арқылы оларды тәжірибемен ұштастырып, кәсіби археолог ретінде дайындайды. Орталық Қазақ хандығының, Қараханидтер дәуірінің, ортағасырлық Түркістан аймағының тарихына қатысты тың ғылыми зерттеулер жасап, отандық археология ғылымына өз үлесін қосып отыр.  

Бүгінде Археология орталығы – ұлттық рухани жаңғырудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде, мәдени мұраны зерттеп, ұрпаққа жеткізетін орталыққа айналған.

Әдеби кеште күй өнерінің кемеңгерінің шығармашылығы ұлықталды
Ұмытылған ұлттық ас «Өрме төстік» қалай» дайындалады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу