Әдеби кеште күй өнерінің кемеңгерінің шығармашылығы ұлықталды
Қазақтың күй өнері – мәдениетіміз бен руханиятымыздың алтын діңгегі саналады. Бұл дәстүрлі аспаптық музыканың ең биік шыңы болып табылады. Құрманғазы мен Тәттімбет секілді ұлы тұлғалар төкпе және шертпе күй мектебінің негізін қалаған, олардың шығармалары қазақтың әлемдік мәдениетке қосқан баға жетпес мұрасы болып табылады.

Қазақ күй өнері ұлт тарихының, рухының айнасы ретінде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, қазақ өнерінің терең сырын ашып келеді. Сондықтан күй өнері – тек музыкалық шығармашылық қана емес, сонымен қатар халықтың мәдениеті мен дәстүрін сақтауда маңызды рөл атқарады. Бұл өнерді ұрпаққа насихаттау маңызды. Биыл Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына - 210 жыл толып отыр. Шымкентте білім ордаларында Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан тарихи тұлғалардың рөлін, мәдени мұраны насихаттау тапсырмасы орындауда үлкен жұмыстар атқарылып келеді.
Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен білім басқармасына қарасты Индустриялды техникалық колледжде күйші, композитор, домбырашы Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына - 210 жыл толуына орай «Шертпе күйдің шебері» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Кешті дәстүрлі әнші, термеші Тәттімбет Керейұлы жүргізді. Кеш барысында Тәттімбет Қазанғапұлының өмірі мен шығармашылығы туралы слайд көрсетіліп, «Күйшілер одағы» республикалық бірлестігінің мүшесі, сазгерлер арасындағы республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты Қасымбек Әбдіхалықұлы Сарымбетов күйші туралы көптеген мәліметтерімен бөлісті.
– Қазақтың шертпе күй мектебінің негізін салушы Тәттімбет Қазанғапұлы - ұлтымыздың рухани әлеміне өшпес із қалдырған дара тұлға, данышпан күйші-композитор. Оның шығармалары нәзік лиризмге, терең философиялық мазмұнға толы, тыңдаушының жанын баурап, жүрегіне ой салады. Қазақ музыка өнерінің негізін қалаған көрнекті ғалым Ахмет Жұбанов Тәттімбет туралы: «Қанша уақыт өтсе де, оның әсем күйлері талай буынның рухани азығы болады», – деп әділ бағасын берген. Шертпе күй өнерінің шебері ретінде Тәттімбет есімі қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде ұлықтауға әбден лайық, - деп атап өтті Қасымбек Әбдіхалықұлы. Тәттімбет Қазанғапұлы — күй өнерінің терең иірімдерін шебер меңгерген дарабоз тұлға. Ол талай додалы күй тартыстарына қатысып, күй айтыстарында қарсыласын ұтымды тәсілдермен ұтқан. Әсіресе домбырадағы түрлі бұрау түрлерін меңгерудегі шеберлігімен ерекшеленді. Тәттімбет домбыра күйлерінде оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ (немесе тел) бұрау сынды сан түрлі бұрауларды еркін қолданып, күйді тек естіртіп қана қоймай, терең сезіндірген кемеңгер.
Іс-шара барысында «Шымкент концерт» концерттік ұйымының күйшілері күйшінің туындыларын нақышына келтіре орындады. Кеш әсерлі өтті.


