Ұлттық салт-дәстүріміздің біз біле бермейтін сыры көп
Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Жәдігерлер сыры» айдары аясында ұлттық киім көрмесі ұйымдастырылып отырады.
Ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайым әрі әдемілігімен ерекшеленіп келді. Ұлттық киім үлгісінде пайдаланылатын былғары, жүн, киіз, мата сияқты табиғи материалдар адамға жылулық пен жайлылық сыйлайды.
Ұлттық киім бұл салада жаңашыл көзқараспен шығармашылық тұрғыда дәстүр мен стильді ұштастыруға ынталандыратын түрлі фестиваль, байқаулар ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениетті сақтауға және насихаттауға мол септігін тигізіп, халық мұрасының маңыздылығын еске түсіріп, бірлігімізді арттыра түседі деген үміт бар.
«Жәдігерлер сыры» айдары аясында ұйымдастырылыған көрмеге ерлер киімімен қатар әйелдердің бас киімі мен басқа да тұтынған жәдігерлері қойылды. Бұл айдар аясында орталық қыз ұзату, қыз керуен, қыз көші, түйенің қомына қыздарды салып ұзату деген секілді дәстүрлерді түрлі фестивальдерде көрсетіп келеді. Сонымен бірге қыстың күндері аңға шығып, саятшылық өнерін көпшілікке таныстырады. Ол үшін баяғы ата-балаларымыз сияқты кәдімгі үш ағаштан шошала жасап, ішіне бөстектер төсеп, от жағып, ауланған қояндардан сорпа істеп, көнекөз қариялардың аңшылық туралы сұхбатын тележоба аясында ұйымдастырады. Бұған дейін мұндай іс-шаралардың талайын өткізген. Мұның барлығы да ұлттық киім көрмесінен көрініс тапқан.
«Осынау фестивальдер арасында «Киелі кимешек» деген фестиваль өткіздік. Негізінде республика деңгейінде ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар еді. Бірақ оған түрлі жағдаяттарға байланысты сәтін салмады. Дей тұрғанмен, қала көлеміндегі үлкен іс-шара болды. Оған көрермен ретінде сонау Моңғолиядан кимешек киген апаларымыз келіп қатысты. Сонда әйел адамға арналған бұл бас киімге қатысты біраз жайттан хабардар болдық. Негізінде қазіргі біздің апаларымыз киіп жүрген кимешектері қырғыздың үлгісіндегісі екен. Ал ескі фотолардан қарасақ, бұрынғы апаларымыздың кимешектері үлкен болған. Жас келіншектер одан сәл кішілеуін киген. Мұның сыры неде десек, ол уақытта аурухана, емхана деген болған жоқ. Сондықтан апалар мен келіншектер кимешекте оралған ақ матаны әрі дәке ретінде де қолданған», - дейді орталықтың кіші ғылыми қызметкері Бибінұр Төлегенова.
Қарап отырсақ, кимешектің қасиеті көп-ақ екен. Мәселен, ер азамат шайқаста жарақат ала қалса, сол ақ матамен жараны таңған немесе жас әйел босанса, жөргек ретінде пайдаланған. Апалардың кимешегінің ені 40-45 сантиметр болса, ұзындығы 20 метрге дейін барған. Егер жазатайым қайтыс болса, сол ақ матаға орайтын кебін қылған. Міне, осындай қажеттіліктің бәрін бір кимешек атқарған.
«Біздің ендігі мақсатымыз – осылардың барлығын жастардың құлағына құю, оларды дәстүрді жетік білетін, ата салтты құрметтейтін ұрпақ ретінде өсіріп шығару. Дәстүріміздің осындай құпия сырлары бар екенін үлкен де, жас та біліп жүрсе екен деп ойлаймыз. Және жұмысымызды, қажыр-қайратымызды сол бағытқа қарай бұрып жатырмыз», деді орталық қызметкері.