Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті
Шымкент қаласында 23 тамыз күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті.
Қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау мақсатында өткен бұл іс-шараға түрлі мекемелердің қызметкерлері мен еріктілер белсенді қатысты.
Сондай-ақ, аталған іс-шараға Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік мекемелер, коммуналдық қызметтер және қала тұрғындары белсене атсалысты. Әл-Фараби ауданы аумағында ұйымдастырылған сенбілікке жалпы саны 499 қызметкер мен 30 арнайы техника жұмылдырылып, 41,7 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.
Бұл іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы да өз үлесін қосты. Басқарма ұжымы Шоқан Уәлиханов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қызметкерлер жасыл аймақтар мен балалар алаңдарын ретке келтіріп, көше бойындағы қоқыстарды жинап, айналаны таза ұстауға күш салды.
Аталған іс-шараға басқарма қызметкерлерімен қатар белсенді жастар да қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз септігін тигізді. Бұл игі бастама – қала тұрғындарына тазалықты сақтау мен қоршаған ортаға жанашырлық таныту жөнінде маңызды үлгі болды.
Сенбілік барысында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөп шабу, жолдар мен аяқжолдарды жуу, қоқыс алаңшаларын тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің келбетін жаңарту, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, аулаларды абаттандыру (бояу, жөндеу, көгалдандыру) сынды ауқымды жұмыстар атқарылды.
Жалпықалалық сенбілікке Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты тарапынан 300 қызметкер мен 22 техника қатысып, 35 тонна қоқыс шығарылса, қалалық тұрғын үй басқармасынан 19 қызметкер қатысып, 0,5 тонна күл-қоқыс шығарылды. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасынан 35 қызметкер және 3 техника қатысып, 2,4 тонна күл-қоқыс, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасынан 35 қызметкер, 2 техника қатысып, 1,52 тонна қоқыс арнайы полигонға төгілді. Білім басқармасынан 35 қызметкер, 2 техника қатысып 2,3 тонна, дін істері басқармасынан 15 қызметкер және бір техника, 0,014 тонна күл-қоқыс шығарылса, ал «Жастар ресурстық орталығ» КММ тарапынан 60 ерікті жас сенбілікке қатысты.
Айта кету керек, бұл бастамаға тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, аудан тұрғындары да өз еріктерімен белсенді қатысып, сенбілік жұмыстарына сүбелі үлес қосты. Олардың белсенділігі мен жауапкершілігі қаланың көркеюіне, тазалығы мен жайлылығына үлкен ықпал етті.
Мұндай бастамалар – тұрғындар мен мекеме қызметкерлерінің бірлесе әрекет етуі арқылы қала келбетінің жақсаруына оң әсер ететін маңызды қадам. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.