Көлік инфрақұрылымы жаңаша серпін алды

Oinet.kz 22-08-2025 15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында бірінші кезекте инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге басымдық берген еді.

Screenshot_25.jpg

Осы тапсырманы орындау аясында Қазақстанда елдің көлік-логистика әлеуетін дамытуға арналған ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан Республикасының көлік министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, бүгінгі күні теміржол мен автомобиль жолдарына қатысты инфрақұрылымдық жобалар Президент тапсырмасына сәйкес қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, теміржол саласында ұзындығы 1,3 мың шақырымнан астам 4 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар «Достық – Мойынты», Алматы айналма жолы, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз». Ал автомобиль жолы бойынша стратегиялық маңызы бар төрт ірі автожол жобасының реконструкциясы аяқталды. Соның бірі – «Қарағанды – Алматы» бағытындағы 885 шақырымдық жол. Жоба аясында бұл учаске бірінші техникалық санатқа дейін көтеріліп, төрт жолақты жолмен, заманауи тосқауыл қоршауларымен және жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етілді. Қосымша ретінде 33 көпір, 48 өткел және 700 су өткізу құрылғылары салынды.

Темір жол саласына қайта оралсақ, биыл Алматы айналма жолы мен «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолдары аяқталады, бұл жүк тасымалы көлемін бес есеге арттыруға мүмкіндік береді. «Транс-Қазақстан теміржол дәлізі» ауқымды жобасы іске қосылды. Бүгінгі күні «Мойынты – Қызылжар» учаскесін (366 шақырым) салу және 1,6 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы 5 жылда 16 мың шақырым жол салу және жөндеу жоспарлануда.

– Сондай-ақ 125 вокзал жаңғыртылуда. Ғимараттардың қасбеттерді, инженерлік желілері, залдарды, платформалары жаңартылуда, мобильділігі төмен азаматтар үшін қауіпсіздік жүйелері мен ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Биыл жолаушылар вагондарының паркі 175 бірлікке толықтырылады, оның ішінде Stadler компаниясының 51 вагоны бар, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының көлік министрі Мақсат Қалиақпаров.

Сондай-ақ Президенттің былтырғы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайында берген тапсырмасына сәйкес, елімізде кемінде 12 мың шақырым автожолды жаңғырту көзделген болатын. Бұл бастама – көлік инфрақұрылымын жақсарту, өңірлер арасындағы байланыс пен ел ішіндегі тасымал сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Биылғы жыл қорытындысы бойынша, межеленген 12 мың шақырым жолда құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 7 мың шақырым жолда негізгі жұмыстар толық аяқталған. Бұл жұмыстарға 25 мыңнан астам маман мен 10 мыңнан аса құрылыс техникасы тартылып, жоба ауқымды деңгейде жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар автожолдардың нормативтік жағдайы 93 пайызға, ал жергілікті жолдардың сапасы 89 пайызға дейін жақсарды. Бұл – жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен көлік логистикасын оңтайландырудағы маңызды жетістік.

Шәмшінің сазды әндері – ұлт мұрасы
Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу