Шәмшінің сазды әндері – ұлт мұрасы
Қазақ мәдениеті мен өнерінде орны бөлек, ұлтымыздың ардақты ұлы Шәмші Қалдаяқовтың кештері Шымкент қаласында жалғасын табуда.
Соның бірі – Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінде ұйымдастырылды. Мұнда қазақ музыкасының бірегей туындыларын дүниеге әкелген, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 толуына орай әдеби кеш өтті.
Бұл іс-шараға Славян этномәдени бірлестігі, композитордың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова, мемлекет және қоғам қайраткері Оралхан Қожамжаров, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, полковник С. Мещанов, өнер жанашырлары И.Аманқұлов пен Қ.Тұранов, сондай-ақ көпшілік оқырмандар қатысты.
Кеш Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Кітапхана қызметкерлері композитордың жастық шағынан бастап, оның қазақ музыкасына сіңірген еңбегіне дейінгі өмір жолын баяндап берді. Шәмшінің авторлығымен жазылған 300-ден астам әннің ішінде «Менің Қазақстаным», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик», «Сүйген қалам – Шымкентім» сынды туындылардың тарихына тоқталды.
Іс-шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, сазгердің ноталық жинақтары, замандастарының естеліктері, сирек фотосуреттері мен баспасөз материалдары қойылды. Кештің көркін Шымкент қаласының этномәдени бірлестігі «Светоч» хорының орындауындағы Шәмші әндері қыздырды. Халықпен бірге орындалған «Әнім сен едің» және «Қазақ вальсі» сынды әуендер жүректі тербеп, залды ерекше атмосфераға бөледі.
Сондай-ақ халқының кеудесінде мәңгі өшпейтін үн, ешқашан ескірмейтін әуен қалдырған осынау таңғажайып тұлғаның әндері Шымкент аспанында да қалықтады. Мәселен, Шымкент қаласында өткен «Бақыт құшағында» республикалық фестивалінде Шәмшінің әндері шырқалды. Шәмші әндерін қала сахнасында республикаға танымал әншілер – Светлана Айтбаева, Жеңіс Ысқақова, Айжан Нұрмағанбетова және жергілікті өнер иелері, оның ішінде Заттыбек Көпбосынұлы әуелете шырқады.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері – қазақ халқына сарқылмас рухани қазынасы. Ұлы композитордың музыкасы – сағыныш пен қуаныштың, жастық пен махаббаттың әуені. Оның әрбір нотасында қазақ даласының иісі, жан толғанысы бар. Енді осы рухани қазынаны жастарға насихаттау, таныту, келешек буынға аманаттау – бүгінгі буынға, тұтас қазақ қоғамына парыз.
Міне қос кездесуде сөз алған қатысушылар Шәмшінің қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны, әндерінің ұрпақтан-ұрпаққа жететін мәңгілік құндылығы жайында жылы лебіздерін білдірді. Кеш соңында жиналғандар ұлы сазгердің рухына тағзым етіп, әндерін қосыла шырқады.