«Таза Қазақстан» акциясына 700-ге жуық адам қатысты

Oinet.kz 22-08-2025 18

Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда.

Screenshot_22.jpg

Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар тек тазалықпен шектелмейді. Бұл – тұрғындардың қоршаған ортаға деген жанашырлығын арттыру, жастардың экологиялық санасын көтеру және қала аумағында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастама.

Кеше Шымкент қаласында акция аясында кезекті кең ауқымды тазалық іс-шаралары өтті. Қала аумағында ұйымдастырылған сенбілікке коммуналдық мекеме қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері мен қала тұрғындары белсенді қатысты.

Алғашқы жұмыстар таңғы сағат 09:00-де Тұран ауданы, Құрсай шағын ауданында басталды. Мұнда мал базары аумағы, мұсылман және христиан мазараттарының төңірегінде қоқыстар жиналып, тасжол бойы тазартылды. Тазалық жұмыстарына Қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Сыдықұлы да қатысты. 

– Бүгін бұл аумақтағы тазалық жұмысына 200-ге жуық адам жұмылдырылды. Олардың қатарында коммуналдық мекеме қызметкерлері, аудан әкімдігі қызметкерлері, әлеуметтік нысандардан келген мамандар және жергілікті тұрғындар бар. Сенбілікке қаланың әр аумағынан да қолдау көрсетіліп жатыр. Жалпы қаладағы сенбіліктерге 700-ге жуық адам мен жиырмадан астам техника тартылды. Бұл Шымкентті таза әрі көрікті қалаға айналдыру жолындағы маңызды қадам, – деді ол.

Сенбілік тек Құрсайда ғана емес, қаланың өзге аумақтарында да жалғасты. Денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, цифрландыру, мемлекеттік сатып алу және жұмылдыру басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ аудан тұрғындары белсенділік танытып, қаланың ішкі көшелерін тазалады. 

Ал тазалық жұмыстарына белсене қатысқан Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты жастар Шымкент қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға «Таза Өлке» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен қала ерікті жастары белсенді түрде атсалысты. Ұйымдастырылған іс-шара барысында аумақтардағы тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар жиналып, барлығы 1 тоннаға жуық қоқыс арнайы техникамен шығарылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар тұрақты түрде жалғасып отырады. «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да сол, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, қала ауасын таза ұстауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақыруға бағытталған. 

Президент резиденциясы дарынды балалар лагеріне берілді
Ұлттық өнерді қадірлеу – тамырымызды тану
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу