Президент резиденциясы дарынды балалар лагеріне берілді

Oinet.kz 22-08-2025 16

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылған мұғалімдердің тамыз конференциясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаладағы Президент резиденциясы жаңа оқу жылынан бастап дарынды балаларға арналған лагерь ретінде жұмыс істейтінін хабарлады.

Screenshot_21.jpg

Бұл лагерьде олимпиада жеңімпаздары, үздік оқушылар, өнертапқыштар мен ғылымға құштар және мәдениет пен өнерде ерекше жетістіктері бар балалар бас қосып, шеберліктерін ұштауға мүмкіндік алады.

Ал «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы мұғалімдердің тамыз конференциясы 2100-ден астам ұстаз жиналды. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, жоғары оқу орындары мен колледж өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты.

Конференция барысында жаңа оқу жылының негізгі міндеттері талқыланды. Атап айтқанда, педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және әлеуметтік жауапты тұлғаны қалыптастыру мәселелері қаралды.

Жалпы Шымкент қаласында 2025–2026 жаңа оқу жылы 1352 білім беру ұйымында 397 мыңнан астам оқушымен басталады. Биылғы жылы бірінші сыныпқа шамамен 28 мың бала қабылданады. Қалада қазіргі таңда алты білім нысанының құрылысы жүргізілуде, оның ішінде екі жаңа мектеп, үш қосымша ғимарат және бір жатақхана бар. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін үш нысан – екі мектеп және бір қосымша корпус пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 10 білім беру ұйымының ғимараты күрделі жөндеуден өтуде.

Ал қаладағы дарынды балаларға арналған Президент резиденциясы

лагерь ретінде жаңа оқу жылынан бастап жыл бойы тұрақты қызмет етеді. Әр ауысымда 50-60 бала қамтылып, жылына 2500-ге жуық жас дарын ерекше бағдарламамен тәрбиеленеді.

Лагерьдің басты бағыты – білім беру, сондықтан күн сайын балаларға өз саласының үздік мамандары тренингтер, шеберлік сабақтары, мотивациялық дәрістер өткізетін болады. Дарынды балаларға бүгінгі қамқорлық − бұл Қазақстан Республикасы ғылымының, мәдениетінің және әлеуметтік өмірінің болашақ дамуына деген қамқорлық. Жоғары деңгейдегі жеке жетістіктер әдетте тұлғаны өзін-өзі қолға алуға ықпал ететін және қоғамды алға жылжытатын қозғаушы күш.

Қала басшысының айтуынша, бұл бастама – Мемлекет басшысының жастарға деген қамқорлығын іске асыра отырып, еліміздің келешек көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Ал лагерьде заманауи жабдықтар қойылып, қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етіледі және барлық қажетті жағдай жасалады. Сонымен қатар лагерьде жатын бөлмелері, оқу және мәдени залдары, спорт алаңдары, экологиялық таза аула, кітапхана мен медпункт қарастырылған.

Көпқабатты тұрғын үйлердегі күрделі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады
«Таза Қазақстан» акциясына 700-ге жуық адам қатысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу