«Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат»
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген болатын. Ол аталған сапарына бірнеше нысанды аралап, қала тұрғындарымен кездесіп, ғалымдардың еңбегін елеп, қаланың тұрмыс-тіршілігін көріп қайтты.
Атап айтсақ, ол өзінің қаламызды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған жаңа терминалмен танысты. Айта кетейік, әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге қаражат жұмсаған. Президентке Қазақстанның оңтүстігінде бірегей авиациялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды.
Одан бөлек ол қаламыздағы «Тассай» индустриялы аймағын барып көрді. Ол жерде Қасым-Жомарт Тоқаевқа индустриалды аймақта жалпы инвестиция сомасы 44,5 миллиард теңге болатын 33 кәсіпорын ашылғаны жөнінде баяндалды.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД нарығына автотрансформаторлар, маймен істейтін күштік трансформаторлар мен реакторлар шығаратын Asia Trafo зауытының өндірістік желісін аралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Шымкент жұртшылығымен кездесу барысында шаһардың бас жоспарын қайта қарап, көлік-логистика инфрақұрылымы мен инженерлік желілерін жаңғырту туралы тапсырма берген болатын.
Мемлекет басшысына қаладағы Орталық стадионның, перинаталдық орталықтың, паралимпиадашыларға арналған спорт кешенінің, мектептердің және тағы да басқа әлеуметтік нысандар құрылысының перспективті жобалары көрсетілді.
Президентке жекеменшік тұрғын үй кешендерінің бей-берекет өсуіне шектеу қойып, 2035 жылға дейін көпқабатты үйлердің үлесін 60 пайызға жеткізу жоспары жөнінде баяндалды.
Shymkent city маңындағы аумағы 20 гектардан асадын жаңадан ашылған саябаққа да арнайы барып, ағаш отырғызды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген Tulip холл көпфункционалды ғимаратымен де танысты. Осы аталған конгресс-холлда Шымкент тұрғындарымен кездесіп, дұртшылықтың алдында сөз сөйледі. Ол шаһарымызға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.
– Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Көне шаһар тоғыз жолдың торабында тұр. Ұлы Жібек жолы кезінде осы аймақтан өткені белгілі. Шымкентте ерте заманнан бері сауда-саттық өркен жайды, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің ізі қалды. Бұл керуеннің көші әлі де үзілген жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қаланы басып өтеді. Күре жолдың арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түсті. Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады. Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Менің тапсырмаммен бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді. Айтпақшы, Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды «Tulip Hall» деп атамай, бұл ғимаратқа «Қызғалдақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» деген атауды беру жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Меніңше, орынды пікір, келісуге болады. Олай болса, сарайдың атауы «Қызғалдақ» болсын. «Қызғалдақ сарайы» деген сәл ұзақтау екен. Былтыр қалада жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған, – деді Мемлекет басшысы.
Президент халық арасында Шымкентті «кәсіпкерлердің отаны» деп атайтынына назар аударып, қала экономикасының жартысынан көбі 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанының еншісінде екенін жеткізді.
– Мегаполистің демографиялық өсімі де жоғары. Табиғи өсіммен бірге, мұнда көшіп келіп жатқандар көп. Осының өзі қаланың тіршілікке қолайлы, болашағы зор екенін көрсетеді. Бірақ бақылаусыз көші-қон, яғни, миграция тиісті техникалық және әлеуметтік инфрақұрылымға әсер етеді. Мұны да ұмытпауымыз керек. Әрине, Шымкент мен жаңа айтып өткен табыстың бәріне, ең алдымен, еңбекқор, іскер әрі ұйымшыл халқының арқасында жетіп отыр. Қазіргі алмағайып заманда бұл қасиеттер әр азаматтың бойынан табылуы керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Жұмыс сапары Ғылым күні қарсаңына тап келгендіктен, Президент ғалымдармен де кездесіп, кәсіби мерекесімен арнайы құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте, ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы, – деді Мемлекет басшысы.