Шымкент қаласындағы сенбілікке жастар да үлес қосты
Шымкент қаласында күзгі тазалық жұмыстары басталып кетті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, шаһарда ұйымдастырылған экологиялық акцияға қала тұрғындарды жаппай жұмылдырылды.
- Шымкент қаласында ұйымдастырылған тазалық акциясы аясында қала тұрғындары сенбілікке шықты. Қала аумағындағы тазалық жұмыстарына 103 мыңнан астам адам қатысып, 744,2 текшеметр қоқыс шығарылды. Кәсіпкерлер, еріктілер мен жастар, қала тұрғындары және мемлекеттік мекеме қызметкерлері белсенділік танытып, аумақтарды қоқыстан тазартты. Сенбілікке 96 арнайы техника жұмылдырылып, 344,79 шақырым жол бойы тазаланды.
Биылғы тазалық күнінде әсіресе, сакралды аймақтарды тазалауға жастардың күші жұмылдырылды. Тазалық шараларына қатысқан мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар мен еріктілер көше бойларын, ирригациялық жүйелерді, кәсіпкерлік нысандар аумағын күл-қоқыстардан тазартты. Сонымен қатар, маңызы бар автожолдар тазаланып, бей-берекет тасталған күл-қоқыстар алынды, қолайсыздық тудыратын қураған шөп-талдарды да тазалау жұмыстары жүргізілді, - дейді қала әкімі.
Ал, «Киелі табиғат» бірыңғай республикалық экологиялық акциясы аясында Сайрам тұрғын алабындағы тарихи орындарға арнайы ұйымдастырылған тазалық акциясына қала жастары қолдау көрсетіп, белсенділік танытты. Дәстүрлі экоакцияға ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма қызметкерлері, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер, қала жастары және эковолонтерлер қатысты.
Іс-шарада қала жастары тұрғын алаптағы Сайрам қалашығы (Исфиджаб), Абдель-Азиз баб, Ибрагим-ата кесенесі, Қожа Салих кесенесі, Мірәлі баб кесенесі, Қарашаш ана кесенесі, Қызыр мұнарасы тарихи нысандарында тазалық жұмыстарын жүргізіп, киелі орындарды аралады.
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев экологиялық акцияның тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
- Сайрам қалашығынан басталған экосенбіліктің мақсаты — тарихи, киелі орындарды жастарға насихаттау, оларды келешек ұрпаққа сақтап қалу. Киелі жерлер болғандықтан ұдайы тазалық жұмыстары жүргізіліп отырады. Тәрбиелік мәні зор іс-шара қала жастарына, туристерге зор серпін береді. Оған 250-ден астам қала жастары, волонтерлер, зиялы қауым өкілдері тазалық іс-шарасына белсене үлес қосты, - деді басқарма басшысы.