Шымкент қаласында бір жылда 300 азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылған
Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімін алдын-алу мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынған. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыровтың айтуынша, сауда айналымында делдалдық қызметті шектеу шаралары аясында тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу қолға алынды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз қаражаттар беру көзделген.
- Айналым механизмі және форвардтық шарттар негізінде түзілген өнім көлемдеріне жекелей келетін болсақ, күріш – 360 тонна, құмшекер – 2 340, қарақұмық жармасы – 370 , рожки – 90, бірінші сұрыпты ұн – 2 475 тонна, әлеуметтік нан – 3 270 дана, сиыр еті – 910 тонна, тауық еті – 770 тонна, 1 санатты жұмыртқа – 43,7 миллин дана, ас тұзы – 25 тонна, күнбағыс майы – 330, сары май – 70, сүт – 630, айран – 1 720, сүзбе – 140, картоп – 5 540, пияз – 1 300, сәбіз – 1 310, қырыққабат – 1 050 тонна. Бұл тиісті өнім көлемдері бекітілген сауда орындары арқылы белгіленген бағада сатылып келеді. Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында, құзырлы мекемелермен арнайы комиссия құрылып, жыл басынан 72 комиссия отырысы өтіп, аптасына 2 реттен көшпелі жиналыстар ұйыдастырылып келеді. Талдау нәтижесімен 70-ке жуық бұзушылық фактілер анықталып,түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде кемшіліктер толығымен жойылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерге электрондық шот-фактуралар арқылы хронометраждық зерттеу жүргізіліп, шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 26 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді басқарма басшысы.
Жалпы апта сайын жергілікті тауар өндірушілерімен шаруа қожалықтарының және көтерме сауда қызметімен айналысатын кәсіпкерлердің қатысуымен қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15 пайыз төмен бағада өткерілуде екен. Жыл басынан бері 300 жәрмеңке өткізілген.
- ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №280 бұйрығына 24.05.2023 жылы №201 бұйрықпен бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Қолданыстағы бұйрық негізінде, «Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады». Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындау үшін «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан өтінімдер болмаған кезде, қарыз азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі». Сол себептен, жоғарыда аталған бұйрық талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 29 маусымдағы «Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағиадаларын бекіту туралы» №1485 қаулысы қабылданып, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру механизмі жаңа редакцияда тіркелген қаулы негізінде жұмыс істеуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, бюджеттен 8,7 миллирд теңге бөлініп, 200-ге жуық сауда орындарында бірінші қажетті азық-түлік тауарлары нарықтан төмен белгіленген бағада сатылып келеді. Атап айтқанда, «Магнум» сауда желісінің саны 31, «Грамад» сауда желісіның саны 24, ет өнімдерін өндіретін шаруа қожалықтарының нүктесі 10, ірі базар аумақтарында орналасқан көкөніс өнімдерін сататын жылжымалы сауда нүктесі 6, халықтың тығыз орналасқан аймақтарындағы үй маңындағы кіші дүкендер 129, - дейді Абунасыр Жанбатыров.