Шымкент қаласында еңбек дауы еңбек инцпекциясында шешіледі

Oinet.kz 10-09-2023 320

Шымкент қаласында еңбек дауына қатысты мәселелерді шешуде қалалық еңбек инспекциясы  басқармасының рөлі зор. Дегенмен көп жағдайда белгілі бір ұжымда еңбек дауы орын алса, ең алдымен азаматтар әділдік іздеп бұқаралық ақпарат құралдарына немесе сотқа жүгінеді.

Screenshot_9.jpg

Алайда, бұл дауды сотқа жеткізбей, ұжымда-ақ бітімге келудің механизмі жасалған. Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың айтуынша, ұжымдық еңбек дауларын шешудің өзіндік реттілігі бар екен. 

«Жұмыс беруші ұжыммен бір мәмілеге келе алмаса, қос тараптан өкілдерінен құралған татуластыру комиссиясы түзіледі. Ұжымдық дау мұнымен келісімге келмесе, еңбек төрелігі бойынша арнайы комиссияда қаралады. Бұл комиссияға екі тараптан да өкілдер қатыстырылмай, әкімдік қызметкері, кәсіподақ өкілдері және еңбек инспекторынан құралған үш жақты комиссия жасақталады. Мәселе мұнымен реттелмеген жағдайда сотқа жүгіне алады. Айта кетерлігі, арнайы түзілген комиссиялар дауды қарау кезінде жұмысшылардың еңбекақысы толық сақталады, – дейді ол. 

Елімізде соңғы жылдары ұжымдық еңбек даулары әлеуметтік шиеленіске ұласуда. Мұндай жағдай қоғамның саяси тұрақтылығына кері әсерін берері анық. Ұжымдық еңбек дауына көбіне жұмысшылардың алып отырған еңбекақысына қанағаттанбауы және оның уақытында төленбеуі, тиісті еңбек жағдайдың жасалмауы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны секілді жағдайлар себеп болып отыр. 

– Бүгінде кәсіподақтардың араласуымен түсіндірме жұмысын жүргізудің нәтижесінде аталған еңбек даулары уақтылы шешімін табуда. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігіне 2023 жылдың 8 айында 3 мекемеде еңбекақы бойынша еңбек дауы тіркелді. Бұл мекемелер – «ТТК» «Радуга» және «Т-Бас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Аталған үш мекемедегі дау келісім комиссиясын құру арқылы шешімін тапты. Сонымен қатар, кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасы» жұмыс істейді. Осы жылдың 8 айында 49 кәсіподақ мүшесіне тегін консультациялық көмек беріліп, заңгерлердің кеңесі арқылы жұмысшылар дауды өзара шешудің жолын үйренді, – дейді «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев. 

Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов ұжымда дау болған жағдайда жұмысшылар бірінші кезекте сотқа емес, еңбек инспекциясы басқармасына баруға кеңес беретінін айтты. Маман  дауды сотсыз шешу – шығынсыз әрі бейбіт келісім екенін алға тартты. 

Шымкент қаласында ерекше балаларға арнап 30 орындық оңалту бөлімін ашу жоспарлануда
Шымкент қаласының тұрғындары бір ай көлемінде өзі қалаған емхананы таңдай алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу