Шымкент қаласында ерекше балаларға арнап 30 орындық оңалту бөлімін ашу жоспарлануда

Oinet.kz 09-09-2023 282

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселесі биліктің назарынан шет қалған емес. Жуырда, қалалық Әділет департаментінде Адам құқықтары жөніндегі өкілдің қатысуымен арнайы жиын өтті. Басқосуда ерекше бала тәрбиелеп отыған аналардың әлеуметтік қамтамасыз ету мен оңалту шараларына қатысты мәселелері талқыланды. 

Screenshot_8.jpg

Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналармен кездесу өткізуге Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің қалалық филиалы басшысының орынбасары Т.Дауытов, психикалық денсаулық сақтау орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Жиын барысында ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар 18 жастан кейін мүгедек жандар үшін ешқандай оңалту емі қаралмағанын, ІІ топтағы мүгедек баланың денсаулығына байланысты І топқа өткізу ісінде қиындық көптігін айтты. Бұл мәселеге Төрехан Дауытов егер аналар баласына мүгедектік тағайындау қорытындысына келіспеген жағдайда еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің қалалық филиалына келіп, шағымын жеткізуге болатынын айтты. 

– Мүгедектік тағайындау  ең алдымен учаскелік дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда жаңа қабылданған нормативке сәйкес, адами факторды болдырмау үшін мүгедектікті куәландыру сырттай, онлайн жүзеге асып жатыр. Ата-аналар мұнымен келіспеген жағдайда біздің мекемізге келіп өздерінің қарсылық шағымын жазбаша білдіруге болады. Біз осы арызды негізге алып, сараптамалық топ науқас баланың денсаулық жағдайын көзбе-көз көріп, куәландырады, - дейді Т.Дауытов. 

Ал, 18 жастан кейінгі мүгедек жандарды оңалтуы жайында әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының өкілі Раушан Сейдакпар жауап берген болатын. Оның айтуынша, 18 жастан асқан аутизм, психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек жандарды толық стационарда оңалту үшін 2019 жылы 100 орындық орталық ашылыпты. Қазіргі таңда онда 70-тен аса науқас қызмет алып жатыр екен. « Бүгнгі күні жартылай стационар бойынша басқарманың әлеуметтік қызметтер порталына 15 ата-анадан өтінім келіп тұр. Осындай қажеттілікке байланысты біз ұсыныс әзірлеп, бұл бағытта қызмет көрсететін орталық ашу үшін оның нормативтерін негізге алып, қала әкіміне ұсыныс берілді. Қазір №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан 30 орындық оңалту бөлімін ашу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді ол. 

Ал Шымкент қаласының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Нұржан Абдезов кез келген азаматтың құқығын қорғау жолында талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын жеткізді. 

Шымкент қаласында азық-түлік бағасының тұрақтануына 200 сауда орталығы үлес қосуда
Шымкент қаласында еңбек дауы еңбек инцпекциясында шешіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу