Шымкент қаласының тұрғындары бір ай көлемінде өзі қалаған емхананы таңдай алады
Шымкен қаласында медициналық емхананы таңдау науқаны басталды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Сансызбайқызының айтуынша, бұл науқан 15 қыркүйектен басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады екен.
Жалпы шаһарда медициналық қызмет көрсететін 34 мемлекеттік, 149 жекеменшік медициналық ұйым бар. Ал, стационарлық медициналық көмек көрсететін 23 ұйым, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін 100 ұйым қызмет көрсетеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауларында денсаулық саласына басымдық беріп отыр. Бүгінде еліміздің кез келген тұрғыны медициналық емхананы өз қалауымен таңдай алады. Тұрғындардың дәрігер мен емхананы таңдау еркіндігі жылына бір рет жүзеге асырылады. Тұрғын МСАК ұйымының біреуіне ғана бекітіледі. Науқан кезеңінде МСАК ұйымына бекітілген азаматтар МӘМС жүйесінде 1 қаңтардан бастап тіркелген ұйымнан медициналық көмекті ала бастайды. Ал, бұрын бекітілген тұрғындар сол мекеме қызметін алуды жалғастырады. Емханаға тіркелу тәсілдері электрондық үкіметтің веб-порталы немесе таңдаған медициналық ұйымға жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Басқа медициналық ұйымды таңдаған жағдайда бұрын бекітілген ұйымдарынан есептен шығару «Бекітілген халық тіркелімі» порталының дерекқоры арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады – деді Сәуле Сансызбайқызы.
Денсаулық басқармасының биылғы деректеріне сүйенсек, ел бойынша сақтандырылғандар – 16 147 981 адам, ал 3 502 918 адам сақтандырылмаған. Статистикалық деректерге сәйкес, Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы – 233 326 адам, яғни 23,5 пайыз тұрғын сақтандырылмаған. МӘМС жүйесі енгізілгелі тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен шағымдар саны азаған.
Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Райымбекұлының айтуынша, өткен жылы 55 759 өтініш келіп түскен, оның ішінде 1070 арыз-шағым, 6 ұсыныс, 157 алғыс, 51 809 адамға кестер берілсе, биыл келіп түскен 25 569 өтініштің 721-і арыз-шағым, 3-і ұсыныс, 101 алғыс, 23 171 адамға кестер берілген. Аталған арыздардың барлығы уақытылы қаралып, жауаптар берілген. Сұранысқа ие консультативтік-диагностикалық қызметтер бойынша, сонымен қатар КТ/МРТ сияқты қымбат тұратын қызметтердің тұрғындарға қолжетімділігіне соңғы үш жылда тоқсан сайын мониторинг жасалып, нәтижесінде диагностика алғашқы 1-5 күнде жасалып, 10 күннен артық күттіру 9 пайыздан 2 пайызға төмендепті.