Шымкент қаласында жастар аналарға құрмет көрсетті

Oinet.kz 05-09-2023 183

Шымкент қаласының жастары үнемі өздерінің өнегелі істерімен түрлі іс-шараларға бастамашы болып келеді. Қала жастары Отбасы күнінде қалалық №2 перзентханада жаңадан туылған сәбилерді үйге шығару рәсімін  салтанатты мерекелік іс-шараға айналдырып жіберді. 

Screenshot_49.jpg

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бөгенбай Қайратұлының айтуынша, осы күні Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында сәбилі болған отбасыларға ерекше қуаныш сыйлаған екен. Дүние есігін ашқан нәрестелердің қуанышты сәтінде әсем әуен мен ақ тілектер айтылды. Арнайы ертегі аниматорлары мерекені сезіндіріп,  дәмді торт ұсынды. 

– Қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде бұл мереке аталып өтеді. Жастар ресурстық орталығы да мерекеге өз үлесін қосып, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырдық. Жас отбасыларды гүлмен, дәмді тәттілерімен күтіп алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйладық деп ойлаймын. Іс-шара басталғалы бері алты отбасыны құттықтадық. Жас аналарға тосын сыйымыз бұдан кейін де өз жалғасын тауып отыратын болады,– деді Бөгенбай Қайратұлы.

Оның айтуынша, Шымкент қаласында жыл басынан бері 20 667 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 10 678 ұл бала, 9 989 қыз, 267 егіздер дүние есігін ашыпты. Қоғамда отбасы құндылығы мен маңыздылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған  іс-шара жас отбасыларға күтпеген сый болды.  

– Осы аптада немерем, ұлымның  тұңғыш перзенті дүниеге келіп, айтулы күнде перзентханадан шығару рәсімі бұйырыпты. Қазақ әрқашан мұндайды жақсылыққа балайды. Қызымыз өсіп, еліне қызмет ететін ерекше бала болады деп сенемін. Қошемет көрсетіп, сый-құрметке бөлеп жатқанына үлкен рақмет. Отбасы – құнды, киелі ұғым. Мұны жастарымыз түсініп, сезінуі үшін мейрам етіп тойлау тамаша үрдіс деп ойлаймын,– дейді шымкенттік ана  Феруза Ташанова. 

Шымкент қаласында кәсіпкерлер мемлекет қолдауын сезінуде
Шымкент қаласында көше тазалығымен қатар иррегация жүйелері жаңғыртылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу