Шымкент қаласында кәсіпкерлер мемлекет қолдауын сезінуде

Oinet.kz 04-09-2023 319

Шымкент қаласында орта және шағын кәсіпкерлікке ден қойған азаматтардың қатары артып келеді. Соның бірі Шербек Қаюпов. Қалаға қарасты Асар шағын ауданында тұратын ол жылдар бойы маңдай терімен еңбек етудің арқасында кәсібін өрге домалатып, отбасын береке мен молшылыққа кенелткен жан.

Screenshot_48.jpg

Шербек Қаюпов 2010 жылдары Өзбекстан Республикасынан атажұртқа көшіп келгелі осында мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болып, қазір ауласының алдындағы жылыжаймен нәпақасын тауып отыр. 

- Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көп. Президентіміз өзінің халыққа арнаған әрбір Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керектігін үнемі айтып келеді. Жаңа жолдаған Жолдауында да кәсіпкерлік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Өзім мемлекеттен барлық қолдауды сезініп, жылыжай шаруашылығын жүргізіп келемін, - дейді ол. 

Кәсіпкер былтырдан бері биогумус өндіруге ынта танытып, содан бері минералды тыңайтқыштан да пайда көзін тапты. Жылыжайдағы қияр мен қызанақтан басқа, бау-бақшасына алманың ең жемісті сорттарын егіп, оны да нарыққа шығаруда. Берекелі отағасының тағы бір қыры - Шербек қандасымыз қолы қалт еткенде көлік жөндеудің хас шебері. 

Сонымен үш сотық жердегі жылыжайдан жыл сайын 4-5 тоннадан аса өнім алатын кәсіпкер бұл күніне дән риза. Қияр пен алманы, минералды тыңайтқыштарды да өзі жергілікті базарларға апарып сатады. «Алған өнімім жылыжай шығындарын да, ипотекалық баспананың да қарызын өтейді, ұл-қыздарымды осы табысыма оқытып, бәрін де аяқтандырып, үйлі еттім» дейді Шербек. 

Еселі еңбекпен бірге нәтижелі жемістің дәмін татқан, педагог жұбайы екеуі  үш перзентті тәрбиелеп өсірген бұл азамат көпке үлгі болары сөзсіз. 

Кәсібінен нәсібін айырып отырған келесі кәсіпкер Жасұлан Нұршымыр. Ол өзінің «Zhasay» мебель орталығын ашып, 8 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Сондай-ақ Жасұлан бүгінгі таңда 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

- Кәсібімді бастау мен оны жүргізуге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиенің ықпалы зор болды. Мұндай қолдау кәсіп ашушы әрбір жасқа үлкен мүмкіндік. Ең бастысы қорықпай, тәуекел ету, - деді жас кәсіпкер Жасұлан.

Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты тұрғын алқабында электр желілері жаңартылуда
Шымкент қаласында жастар аналарға құрмет көрсетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу