Шымкент қаласында қала әкімінің қабылдауына 300 адам қатысты
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Шаһардың Көрме орталығында өткен қабылдауда қала әкімі халықтың талап-тілектерін тыңдады. Қала әкімінің азаматтарды бірыңғай қабылдауында 300-ден аса тұрғын өтінішін білдірді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларының басты бағытының бір саласы қала тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту. Сонымен бірге Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген. Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы – осы. Өйткені, мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды. Біздің шаһарда да Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Тұжырымдамада көрсетілгендей, әлеуметтік желіде әр саладағы орынбасарларым, басқарма басшылары атқарылған жұмыстарын жариялап отыруды апараттық кеңесте міндеттеп, тұрғындардың сауалына уақытылы әрі тұщымды жауап беру керектігін жүктегенбіз. Бүгінде бұл жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Бүгін Көрме орталығында әкім орынбасарлары, департамент басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен сала мамандары қабылдауға келген азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, бағыт-бағдар беріп, тиімді шешу жолдарын қарастырды, - дейді шаһар басшысы.
Ғабит Әбдімәжитұлы қабылдауда халықпен ашық диалог құруға күш салып, талап-тілектер бойынша қабылданатын шешімдерді назарға алатынын жеткізді. Жауаптыларға азаматтар тарапынан түскен бірде-бір арыз-шағымды ескерусіз қалдырмай, әсіресе, әлеуметтік, инфрақұрылымды жақсартуға қатысты мәселелерді тиімді, шұғыл шешуді тапсырды.
Сонымен қатар қабылдау барысында халыққа тұрғын үймен қамту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту салаларына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың ережелері мен шарттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.