Шымкент қаласында индустриалды аймақтардың жұмысы жандана түспек

Oinet.kz 02-09-2023 172

Шымкент қаласында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Жалпы қаладағы бизнес саласында атқарылып жатқан жұмыстарға өз кезегінде Мемлекет басшысы да, Үкімет басшылары да жоғары баға берген.

Screenshot_42.jpg

Ал бүгінде қала билігін өз қолына алған мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбеков те қаладағы өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту ісінің нәтижелерін оң бағалап, Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы болып қала беруі үшін жұмыс істемек.  

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында шағын және орта бизнесті бұдан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлген. Жалпы Шымкент қаласында бұл бағытта атқарылған жұмыстар көңілге қонымды. Бұған дейін атқарылған жұмыстарға қарап отырсақ,  Шымкент қаласында 2023 жылғы жеті айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен. Өнеркәсіп өнімінің артуына қаладағы арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпалы зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін, жалпы құны 358 миллиард теңгені құрайтын 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр, - дейді қала әкімі. 

Бұдан бөлек Шымкент қаласында өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашу көзделген. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.

Қала әкімі шаһардың экономикасын одан әрі орнықты дамуы үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық беретінін жеткізді. 

– Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесі зор. Жалпы Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғаса беретін болады, дейді Ғабит Сыздықбеков.

Шымкент қаласында қаланың жаңа басшысына маңызды міндеттер жүктелді
Шымкент қаласында қала әкімінің қабылдауына 300 адам қатысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу