Шымкент қаласында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін кәсібін ашқандар көбеюде

Oinet.kz 31-08-2023 130

Шымкент қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан ұйымдастырылған «Бизнес бастау» бағдарламалар аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, өз кәсібін ашқандар қатары артып келеді. Соның бірі жеке кәсіпкер Бахрам Жамалов. 

Screenshot_34.jpg

Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы арқылы өзінің «Cultura Barbershop» деп аталатын ерлерге арналған шаштаразында былтыр үш айлық курста 15 шәкіртті оқытып, олардың жұмысқа орналасуына себепкер болғанын айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Жастарға деген қолдаудың да зор екенін көріп отырмыз. Жалпы өз басым Шымкент қаласында мұндай жобаның бар екенін алғаш рет өзімнің тұрақты клиентімнен естідім. Мүмкіндікті пайдаланып, керекті құжаттарды жинап, өткіздім. Комиссия шешімімен менің жобам өтті. Осылайша, кәсіптік курста шәкірттерге білген-түйгенімді үйреттім. Қарапайым халық немесе шағын кәсіп иелері мұндай жобаның барын біле бермейді. Сондықтан бұл кеңінен насихатталуы керек секілді, – дейді жас кәсіпкер Бахрам Жамалов.

Аталған жоба шаһарда биыл да жалғасын тауып жатыр. Жұмыс беруші мекемелерде 760 адамды кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Дәл қазіргі уақытта 800-ге жуық азаматтың өтініші мақұлданып, 35 жұмыс беруші мекеменің ұсынысы қаралыпты. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, басқарманың келіп түскен өтініштер алдымен арнайы комиссия отырысында қаралып, онда жұмыс беруші компаниялардың тәжірибесі, біліктілігі мен адамдарды оқыту және жұмыспен қамтуы сараланды екен.

– Бірінші кезекте – азаматтардың еңбек құқығының қорғалуына мүдделіміз. Жұмыс беруші мекемелер де сол жауапкершілікті сезінуі тиіс. Олар оқытқан азаматтарын кемінде бір жыл жұмыспен қамтуға міндетті. Жұмыс берушілер арасында кезінде қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер де бар. Мемлекеттің қолдауымен аяққа тұрып, бүгінде жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға деген ниеттері қуантады, – деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.

Сондай-ақ, жұмыс беруші компанияларды іріктеуде олардың салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізілуі, жалақы бойынша берешегінің жоқтығы және бір жылдан аса қызмет ететін материалдық-техникалық базасының болуына назар аударылды екен.

Шымкент қаласында қалдық су жиналатын алты орынның мәселесі ирригация жүйесін салу арқылы шешілді
Шымкент қаласында жиырмадан астам оқу орталығы жұмыссыздарды тегін оқытады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу