Шымкент қаласында жиырмадан астам оқу орталығы жұмыссыздарды тегін оқытады

Oinet.kz 31-08-2023 105

Шымкент қаласында жұмыссыздарды тегін оқыту жұмыстары жалғасуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, шаһарда жұмыс берушілерден түскен өтінішке сәйкес қыркүйек айынан бастап 24 оқу орталығы 1500-ден астам жұмыссыз азаматты тегін оқытуға кіріскен.

Screenshot_35.jpg

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға  сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісім-шарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті екен. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында жастарды жұмыспен қамту, кәсіп ашуына қолдау көрсету, бизнес саланы дамытуға барынша көңіл бөлінген. Бүгінде Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан қайта даярлау курстарына оқуға өтініш білдірген жұмыссыздар саны артып отыр. Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі 3 ай. Ай сайын  20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6900 теңгеден бір реттік материалды көмек төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің  мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет, - дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова. 

Жуырда оның төрағалығымен өткен  комиссия отырысында  оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді өтінген 60-тан астам жұмыс беруші мекеменің  талапқа сәйкестіктері сараланыпты. Мекемелерден техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен.  

Атап айтқанда,  автомобиль жөндеу –дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер секілді мамандық иелері сұранысқа ие. 

Шымкент қаласында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін кәсібін ашқандар көбеюде
Шымкент қаласында өндіріс көлемі артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу