Шымкент қаласында сабын шығаратын зауыт салынуда
Шымкент қаласында жаңа жобалар кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Мәселен, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен өткен инвестициялық штаб жиынында жаңа жобалар мен жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар қаралды.
Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың биылғы жылдың 7 айында орындалу барысы және алдағы 8 айға жоспары түзілді.
- Штаб отырысында 7 жоба мақұлданды. Айта айтқанда, әр түрлі тұрмыстық салада тұтынатын гидравликалық және резеңке шлангілер шығаратын зауыт құрылысы, құрылыс саласында қолданылатын эмульсиялық бояулар өндіретін зауыт, пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, металл және профильді үй шатырларын өндіру цехының құрылысы, жиһаз зауыты «Жұлдыз» индустриалдық аймағында жүзеге асады. Алтыншы жоба ауыл шаруашылығындағы түйіршіктелген мал азығын өндіретін цех құрылысы «Бозарық» индустриалды аймағынан орын алады. Сонымен қатар, отандық аяқ киім фабрикасының құрылысы «Оңтүстік» индустриалдық аймағында жүзеге асырылады. Бұлардың құжаттары рәсімделу сатысында болса, ал «Тассай» индустриалды аймағында сүрткіштер мен сұйық сабындар шығаратын зауыт салынып, жұмыс істейтін болады, - дейді қала әкімі.
Соңғысы Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында тұрмысқа қажетті ылғалды сүрткіштер, сұйық сабындар, сондай-ақ антисептик секілді тазалағыш құралдарын шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, аталған жоба бастапқыдан маңызды сатыға өтті.
- Зауыт жоспарға сай биыл іске қосылып, 40 адам жұмыспен қамтылатын болады. Айта кетейік, кәсіпорын қуаттылығы жағынан жылына 6 мың тонна ылғалды майлықтар, 500 тонна антисептик, 3 мың тонна сұйық сабын, 6 мың тонна қатты сабын өндіруге қауқарлы. Тұрмысқа қолданатын тазалық бұйымдарын шығаратын бұл жобаның құны 4 900 миллион теңгені құрайды. Бүгінде зауыттың іргесі мен қаңқасын тұрғызуға «Тассай» индустриалды аймағынан арнайы 0,8 гектар жер бөлініп, инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нарықта отандық тауар өндірісінің көлемі ұлғаятын болады, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.