Шымкент қаласындағы айналма жол құрылысында қарқын бар

Oinet.kz 24-08-2023 246

Шымкент қаласында жол-көлік логистикасына елеулі көңіл бөлінуде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінде Шымкент қаласы маңындағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы салынуда.

Screenshot_15.jpg

Айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. 

- Жол күре тамыр. Бұл бағытта қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар баршылық. Соның ішінде «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары мен «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жол саласында көп жұмыстардың атқарылып жатқаны да белгілі. Соның бірі ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды. Бүгінде Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Бұл жоба қаламыздың инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы қажетті жобаның бірі болып есептеледі, - дейді қала әкімі.

Сонымен бірге қалада Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысанның басында да болған қала әкімі Мұрат Әйтенов оның жұмыс барысын бақылады. 

Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары мен Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталған. Биыл Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. 

А-2 айналма тас жолының 4-кезеңі Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейінгі аралықты қамтиды.  Жалпы ұзындығы 1,86 шақырымды құрайтын автомобиль жолының ені 35,5 метр, 6 жолақты. Жолдың екі жағынан да арық, жасыл аймақ, тротуар салу, көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.  А-2 айналма тас жолын қайта құру жұмыстары 82 пайызға орындалған. 

Қос нысанның құрылыс жұмысымен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы ондағы мердігерлерге құрылыстың сапалы орындалуын басты назарға алуды және жоспарға сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Шымкент қаласының экономикасының негізгі салаларында өсім бар
Шымкент қаласындағы шағын аудандар электр қуатымен қамтылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу