Шымкент қаласының экономикасының негізгі салаларында өсім бар
Шымкент қаласының экономикасы артып келеді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, биылғы 7 айда Шымкент қаласының экономикасының барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалды. Атап айтсақ, осы жылдың жеті айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызға жеткен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларының басты бағытының бір саласы қала тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартып, қала экономикасын арттыратын өндіріс көлемін қатар дамыту. Бүгінде өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 миллиард теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.
Инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталуға таяп қалған «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 миллиард теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 миллиард теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде осы жылы инвестициялық құны 7 миллиард теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.