Шымкент қаласындағы шағын аудандар электр қуатымен қамтылуда
Шымкент қаласында жарықпен қамту жұмыстары жоспарға сәйкес жүруде. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембековтың айтуынша, шаһардағы барлық шағынаудандар 100 пайыз мемлекеттік жүйедегі электр қуатымен қамтылған.
Бұрынғы жекеменшік трансформаторлардан жарық алу мәселесі бірте-бірте нарықтан ысырылып, қала тұрғындары сапалы электрдің игілігін көруде. Ендігі жерде жарық жеткізуде шағынаудандардың жаңақұрылыс аумағындағы жүйелердің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Сайрам, Бозарық, Асар-2 және Құрсай шағынаудандарына электр желісін жеткізу құрылысы биыл басталды. Пайдалануға беру мерзімі 2024 жылға жоспарланып отыр.
– Биыл электр қуатымен қамту бойынша 6 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 5 елді мекеннің ішкі жүйелері және 1 қосалқы станцияның құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар үшін 4,3 миллиард теңге қаржы қаралып, 2,6 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Нысандарды атап айтар болсақ «Ақжар» қосалқы станциясы, Батыс, Тұран, Түркістан, Нұрсәт және Қайнарбұлақ елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында желі тарту құрылысы атқарылып жатыр. Одан бөлек, «110/35/10 киловат Ынтымақ» және «110/10 киловат Бадам» электр желісін тарату станция мен Бозарық, Асар-2 шағынауданының жаңақұрылыс аумағында құрылыс жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде, – деді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков.
Екінші жарты жылдықта Тұран, Түркістан және Нұрсәт шағынауданының жаңақұрылысында мердігерлер 153,2 шақырым аумақтағы ішкі жүйелерін тарту кезінде 15 электр тарату бекеті, 38 трансформатор және 1 қосалқы станцияны орнатады. Ал, алғашқы жарты жылдықта Батыс, Қайнарбұлақ елді мекенінде құрылыс аяқталып, 50 мыңға жуық адам сапалы электрді қолдануға мүмкіндік алды. Жыл қорытындысымен «Ақжар» 110/35/10 киловат қосалқы станциясы, Тұран РП және Түркістан шағынауданында құрылыс аяқталып, 12 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылмақ. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 98 пайыздан 100 пайызға өседі.
Тұран ауданы аумағындағы елдімекендердің тозығы жеткен трансформаторлары мен электр желілерін жаңарту жұмыстары басталып кеткен. Қазіргі уақытта Тұран ауданына қарасты Қазығұрт, Құрсай және Жаңаталап елді мекендеріндегі трансформаторлар «ОңтүстікЖарықТранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан инвестициялық бағдарлама аясында жаңартылып қойылды. Айта кетейік, Қазығұрт, Құрсай елді мекендерінде - 5, Жаңаталап елді мекенінде – 1 тарансформатор орнатылған.
Сонымен қатар, Құрсай, Ақжар, Жаңаталап елді мекендерінде барлығы 10,2 шақырым электр желілері ауыстырылуда.