Шымкент қаласында «3-энергоорталық» қысқы маусымға дайын
Шымкент қаласында алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары жалғасуда. Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиевтың айтуынша, бүгінде көптеген нысандардың қысқа дайындығы тексеріліп, жылу орталықтарының жұмысы пысықталыпты.
Соның ішінде «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамының станция жабдықтарын жөндеу мақсатында бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы және қысқа дайындық жұмыстары басталып кеткен екен.
Аталған «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрош Оңғарбаевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда жылу орталығы қысқы маусымға толық дайын екен. Орталық өткен жылыту маусымын жоспарға сәйкес өткізген. Бүгінде №1 қазандық агрегатының 2, 4 сатысына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыстарды осы жылдың 24 қыркүйегіне аяқтау жоспарланыпты.
– Инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған еді. 2 қазандықта жұмыстар толық аяқталды. Қысқы жылыту маусымына толық дайынбыз. Инвест бағдарлама бойынша бөлінген қажыға қажетті құрал-жабдықтар алып, жұмысшылардың жалақысын көбейтіп жатырмыз. Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуда, – деді акционерлік қоғамның бас директор.
Күрделі жөндеу жұмыстары мекеме жұмысшыларының өз күшімен және белгіленген мерзімдер аясында жүргізілуде. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру жабдықтың тозуын 2,9 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Биылғы көрсеткіш 59,9 пайызды құрады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін станцияның тозуы 57 пайызға дейін төмендетіледі.
Ал Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев айтуынша, акционерлік қоғамның жылуорталықтың тарифін жоғарлату туралы өтініші қаралу үстінде екен. «Тариф жылу маусымында бекітіледі. Шымкент қаласының алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындығын және тұрақты өтуін қамтамасыз ету басты назарда тұр» дейді ол.