Шымкент қаласында бос жұмыс орнын онлайн форматта табуға болады
Шымкент қаласында жұмыспен қамту шаралары жоспарлы жүргізілуде. Қала халқын жұмыспен қамту тұрғысында халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан бос жұмыс орындары жиі ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі таңда бос жәрмеңкелер орталығын ұйымдастыруға Tanda.enbek.kz порталының да қосып отырған үлесі зор.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Tanda.enbek.kz порталының да өңірлік мансап орталықтары ұйымдастыратын бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелері өткізіліп келеді. Онлайн-жәрмеңкеде жұмыс берушілерге өздеріне қажетті мамандарды онлайн форматта табуға мүмкіндік беріледі. Жұмыс іздеуші өзінің түйіндемесін жұмыс берушіге жіберіп қана қоймай, сонымен қатар онлайн-чат арқылы HR мамандарымен мәселелерді талқылап, бейне сұхбат арқылы сұхбаттаса алады.
- Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Жалпы, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар: халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып табылатындықтан, Президенттің Жолдауларында халықты тұрлаулы жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Жолдауға сәйкес халықты жұмыспен қамту бағытындағы жаңа саясат тетіктері белгіленіп, оны жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда, - дейді қала әкімі.
Жәрмеңкеге қатысу үшін жұмыс берушілер де, ізденушілер де Tanda.enbek.kz порталында тіркеуден өтуі қажет. Онлайн-жәрмеңкелер еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Толық ақпарат пен жәрмеңкелерді өткізу кестесі порталда жарияланған. Осы уақытқа дейін Tanda.enbek.kz-те әртүрлі қызмет салалары үшін де, жекелеген өңірлер үшін де бірқатар онлайн-жәрмеңкелер өткізіліп, оған жалпы 110 жұмыс беруші мен 3 мыңнан астам ізденуші қатысыпты.