Шымкент қаласында Кикбоксингтен ҚР чемпионаты басталды
Шымкент қаласында Жеңілатлетикалық манежде кикбокстан ерлер және әйелдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты басталды. Оның ашылу салтанатына Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов, Қазақстан Республикасының Кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек Есентаев, қалалық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Дәлбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасы чемпионатына еліміздің барлық аймағынан 200-ден астам спортшы қатысты. Аталған сайыс кикбоксшыларды алдағы халықаралық тунирлерге іріктейтін жауапты сын болмақ. Басқармас басшысы орынбасарының сөзіне сенсек қаламызда кикбокс спортымен шұғылданатын спортшылардың саны 600-ден асады екен.
– Елімізде бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылып отыр. Қазіргі таңда Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытумен қатар, жоғары спорт шеберлігін одан әрі жетілдіруге қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілуде. Шаһарда кикбокс спортымен 600-ден аса спортшы тұрақты түрде шұғылданады. Осы жарысқа қатысушылар арасынан алда жоғары жетістіктерге жететін дарынды жастар шығатынына сенім білдіреміз. Жарыста тек мықтылар жеңіске жетсін, – деді басқарма басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.
Қазақстан Республикасының Кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек Есентаев ел чемпионаты алда Португалияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңдерінің бірі екенін атап өтті. Қазақстан Республикасы чемпионатынан кейін ұлттық құрама қайтадан жасақталады. Сондай-ақ, жиында кикбокс спортына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Жарыс жеңімпаздары 17 тамыз күні анықталады.